Қоғам

Сәуірдің 26-сы – Чернобыль апатының құрбандарын еске алу күні



 

Әнуәрбек Жакин Чернобыль атом электрстанциясындағы апатта қаза тапқандардың құрметіне тұрғызылған ескерткішке жиі келеді. 1986 жылғы әлемді дүр сілкіндірген жарылыс орын алғанда ол Украинада әскери борышын өтеп жүрген. 19 жастағы бозбала ядролық апат зардаптарын жоюға қатысқан. Содан бері ширек ғасырдан астам уақыт өткенімен әр сәті есінде. Кесірін әлі татып жүрмін дейді.

Әнуәрбек Жакин, СҚО “Чернобыль одағы” мүгедектер ҚБ мүшесі:
– Дабыл қағылып, Чернобыль жарылғанда түнде автобуспен апарды. Қала тұман болды. Бос қалған қала. Реакторға бардық. Әскерден келгеннен ауруханада жатырмын. Алматыдағы госпитальға бардым. Биыл қыста Астанаға барып емделдім.  

Алапат апатты ауыздықтауға қатысып, қаза тапқан жерлестерімізді петропавлдықтар мен апат куәгерлері 1 минут үнсіздікпен еске алды. Облыс әкімінің атынан және жиналғандар ескерткіш басына күл шоқтарын қойды.

Ақатжан Арықов,  СҚО “Чернобыль одағы” мүгедектер ҚБ төрағасының орынбасары:
– Ондай ешқашан болмасын. Өсіп келе жатқан жастар біз көрген қиындықтарды көрмесін. Ескерткіштің қасына келіп сондай қуаныштымын. Балалар, немерелер келіп тұратын арнайы жер бар.  

Өжеттік танытқан жерлестеріміздің рухына тағзым етіп жастар да ескерткіш маңайына көптеп жиналды.

Сергей Воронцов:

Чернобль апатында қаза тапқан азаматтарды біз құрмет тұтамыз. Есімізде сақтап, ұмытпаймыз. Ол адамдар қаһармандар, үлкен апаттан құтқарды.
Ажар Сәбит:

– Бүкіл әлем үшін экологияның тазалығына, болашақ үшін өз үлестерін қосты. Сондықтан олардың ерліктерін ешқашан ұмытпай, үлгі тұтамыз.

Көлемі жағынан әлемдегі ең алапат жарылыстан соң 26 жыл өтсе-дағы  оның зардабы халыққа әлі тиіп жатыр. Апаттың салдарын жойып, жапа шегушілерді құтқару шарасына 32 мыңнан астам Қазақстан азаматы қатысыпты. Бүгінде олардың тек 5 мыңы ғана жер басып жүр. Ал дәл сол төтенше жағдайды ауыздықтаған 2,5 мың солтүстікқазақстандықтың 400-нің ғана ғана көзі тірі. Көпшілігі мүгедек болып қалған.

Жеңіс Ермұқанов