Білім

Қазақ тілін тегін оқыту курсы

  

 

Дәрісханаға қазақ тілін меңгеруге ниет білдіргендер жиылды. Бұл жерге олар аптасына 2 рет келіп, курс сабақтарына қатысады. Олардың жастары әр түрлі. Бұл тұрғындарды мемлекеттік тілге деген, қазақ халқының мәдениетіне деген қызығушылық біріктіріп отыр.

Гүлнара Тайсюганова, “Ғарасат” оқу орталығы директорының орынбасары, Астана қаласы:
– Осы жоба адамның ұлтына, діни сенім-нанымына, оның кәсібіне, жас мөлшеріне қарамастан, мемлекеттік тілді меңгертуде, тек мемлекеттік тілді меңгертуде емес, халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, этикалық ұстанымдарын, соның барлығын тыңдаушының бойына сіңіру. Мақсатымыз бір – патриоттық сезімді таныту.

Бұқараға қазақ тілін тегін оқыту жобасы 2010 жылдан бастау алды. Қала әкімдігінің қолдауымен бұл шара Петропавлда жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Осы бастаманың арқасында 700-ден астам қала тұрғыны қазақ тілін үйренген. Биыл 125 жерлесіміз мемлекеттік тілді меңгеруге бел буыпты. Солардың ішінде Наталья Киблицкая да бар.

Наталья Киблицкая, курс тыңдаушысы:
-Қазақ тілі маған ұнайды. Сондықтан мен осында келдім. Ол жұмыста көмектеседі.

Мемлекеттік сатып алу заңы бойынша ағымдағы жылы жобаны орындау міндеті Астана қаласының “Ғарасат” оқу орталығына жүктелді. Орталық қызметкерлері курс тыңдаушыларын 3 топқа бөліп оқытады екен.

Гүлнара Тайсюганова, “Ғарасат” оқу орталығы директорының орынбасары, Астана қаласы:
– Бірінші деңгей – бастауыш деңгей. Бұл топқа қазақ тілін меңгермеген, бұрын оқымаған адамдар іріктеледі.  2-топқа, жалғастырушы топқа, бұрын ЖОО болсын, орта кәсіптік оқу орны болсын, сол жақта оқып, бірақ оны ұмытып қалған адамдар енгізіледі. 3-топқа, жетілдіруші топқа негізінен газет-журнал оқимын, мақала жазамын, әдеби кітапты оқимын деген адамдар жазылады.

8 ай мемлекеттік тілді үйренген азаматтар ауызша емтихан тапсырады. Сыннан сүрінбей өткендер арнайы сертификатқа ие болады.

Айдана Демесінова