Мәдениет

Оралхан Бөкей оқулары

 

 
Қазақтың біртуар ұлы, қаламгер Оралхан Бөкейдің сырлы да сұлу шығармаларын Ғабидолла Тырдымұратов жастайынан сүйіп оқиды. Тарих пәнінің мұғалімі көсемсөз шеберінің туындылары жастардың өмірге деген құлшынысын арттырып, бойларына күш-қуат сыйлайды дейді.

Ғабидолла Тырдымұратов, сайыскер:
– “Қар қызы” қазақ қызының өзіне тартатын инабаттылығы, кез-келген шығармасын алсақ қарапайым ауылдағы оқиғаларды алады. Түпкі мақсаты қазақ баласының мәдениетін көрсету. Жастарды кітапті көбірек оқыса деймін тіл мәдениеті дами береді.

Жанат Мұхамеджанов қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі. Ол да қанатты сөзді қазынам деп таныған нар тұлғаның прозасынан үзінді оқып берді.

Жанат Мұхамеджанов, сайыскер, Шал ақын ауданы:
-Оралхан ағамыздың шығармалары өзіме ұстаз ретінде нәр, рух береді. Оның шығармаларымен өмірлік жол тауып келемін. Байқауға “Жылымық” әңгімесінен үзіндімен қатыстым.
Әділқазылар лайықты бағасын береді деп ойлаймын.  

Келесі сында сайыскерлер сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің өшпес шығармаларынан монолог оқыды.   

Дәрия Әбілмәжінова, С. Мұқанов атындағы қазақ сазды- драма театрының әртісі, қазылар алқасының мүшесі:
– Сайыскерлердің ең алдымен оқу мәнері, екіншіден сахнада өзін ұстауы, актерлік шеберлігіне аса мән беремін өзім актриса болғандықтан. Сайыскерлердің ішінен ең жақсысын таңдаймыз деп ойлаймын.

Алыптардың әдеби мұрасын насихаттайтын облыстық байқау барлығы 14 өнерпазды жиды.

Кемел Оспанов, СҚО тілдерді дамыту басқармасының бастығы:
– Аудандық, қалалық кезеңдерде өткен қорытынды бойынша бас жүлдеге ие болғандар қатысуда. Бұл Оралхан Бөкейдің шығармашылығын насихаттау, жастардың арасында дарынды, өнерпаз жасты айқындау мақсатында өткізіліп отыр.  

Үздіктердің ішінен Қызылжар ауданының “Парасат” мектеп-лицейінің қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің оқытушысы Анар Жұмағалиева суырылып алға шықты. Енді ол өңір намысын қыркүйек айында Астана қаласында өтетін Оралхан Бөкей оқуларының республикалық кезеңінде қорғайтын болады.

 

 Жеңіс Ермұқанов