Қоғам

Мемлекеттік бағдарламалар қоғамдық бақылауда



 

Ең алдымен Боран Рақымбеков облыс орталығындағы партиялық бекеттердің жұмысымен танысты. «Балапан» бағдарламасы аясында осыдан 2 жыл бұрын Алтынсарин көшесінде салына бастаған балабақша – бірінші нысан. 320 орынға шақталған мектепке дейінгі білім беру мекемесінде жоспарланған істің 75 пайызы орындалыпты. Енді қырлау жұмыстары мен абаттандыру ғана қалған. Құрылыста мердігер – «Севимсталькон» ЖШС-нің 65 жұмысшысы еңбектенуде. «Нұр Отан» ХДП орталық аппаратының партиялық бақылау комитетінің төрағасы жұмысшылардың еңбек жағдайымен танысты. Облыс әкімі Серік Біләлов «Балапан» бағдарламасының өңірімізде жүзеге асырылуына тоқталды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Қазіргі таңда облыс орталығында 2 балабақша салынуда. Мектепке дейінгі мекемелерге кезекте 9 мың петропавлдық тұр. Сондықтан бұл мәселеге ерекше көңіл бөлудеміз.  

Нысандағы құрылыс жұмыстарының сапасы мен жүзеге асырылуы үнемі партиялық бекеттің назарында.

Жангелді Тәжин, партиялық бақылау бекетінің жетекшісі:
– Біз үнемі нысанға келіп, жұмыс жүргіземіз. Электр желісін тартуға да көмек көрсеттік.  

Бұдан кейін «Нұр Отан» ХДП орталық аппаратының партиялық бақылау комитетінің төрағасы өңірдегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының барысымен танысты. Аталмыш бағдарламаның жүзеге асырылуын «Шаңырақ» партиялық бекеттері қадағалауда. Өткен жылы облыс орталығында 46 көпқабатты үйде жөндеу жұмыстары басталған болатын. 5-нде әлі де жалғасуда. Оның аясында Батыр Баян көшесіндегі 65-ші үйдің шатыры жөнделген. Тұрғындар өзгерістерге көңіліміз толады дейді.

– Есептегіш құралдың арқасында жылыту маусымы кезінде 300 мың теңгедей қаражат үнемделеді. 1 шаршы метрге бекітілген мөлшер 72 теңге болса, біздің есептегіш құралмен төлейтін сомамыз әлдеқайда төмен.  

Ал Интернационал көшесі, 59 мекен-жайындағы көпқабатты үйді қалпына келтіру жұмыстары 2 мамырға дейін аяқталмақ. Олар шатырды ауыстырудан бастап, подъезді жөндеуге дейін кірісіп кетіпті. Жұмыстың жалпы құны – 10 млн теңгеден астам.

–  Ауа райына байланысты жұмысты шатырдан бастау мүмкін болмады. Бұл бірқатар қиыншылық туғызды. Мен 2 бөлмелі пәтерім үшін ай сайын 2146 теңгедей төлеймін.  

Мир көшесіндегі 110-шы үйдің пәтер иелері де тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының жемісін көруде. 40 жылдық тарихы бар баспананы жөндеу жұмыстары өткен жылдың қараша айында аяқталыпты. Аталмыш бағдарламаға қатысуға алғашқылардың бірі болып ниет танытқан тұрғындар әлі де бірқатар жұмыстарды жоспарлап отыр.

– Үйді 13 млн 317 мың теңгеге жөндедік. Көңіліміз толады. Енді несие алып кәріздік желілерді алмастыруды жоспарлап отырмыз.  

«Нұр Отан» ХДП орталық аппаратының партиялық бақылау Комитетінің төрағасы Боран Рақымбеков өңіріміздегі мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы мен партиялық бекеттердің жұмысына оң бағасын берді.

Боран Рақымбеков, «Нұр Отан» ХДП орталық аппаратының партиялық бақылау комитетінің төрағасы:
-Партиялық бекеттердің жұмысының арқасында халық мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын қадағалай алады. Бұл өте маңызды.  

Мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатқан нысандарды аралағаннан кейін Боран Рақымбеков семинар-кеңеске қатысты. Өңірімізде әлеуметтік маңызы бар бағдарламалардың жүзеге асырылуын бақылау мақсатында 73 партиялық бақылау бекеттері құрылған. Онда 220 нұротандық белсенді жұмыс жасауда.

 Әлім Шүкенов, СҚО партиялық бақылау комиссиясының төрағасы:
– Жол полициясы бөлімдері мен сауда нысандарында да партиялық бекеттер жұмыс істейді.
Азық-түлік тауарларының бағасын да партиялық бекеттер қадағалап отырады. Сондай-ақ олар тұрғындарының өтініштерін қабылдап, мәселені шешуге атсалысады.  

Үстіміздегі жылдың 1-ші тоқсанында қаржы полициясы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы бойынша 8 қылмысты анықтаған. Ал партиялық бекеттердің міндеті – аталмыш заңбұзушылықтардың алдын алу. Сондықтан мұндай ұйымның маңызы зор дейді Боран Рақымбеков.

Боран Рақымбеков, «Нұр Отан» ХДП орталық аппаратының партиялық бақылау комитетінің төрағасы:
Барлық маңызды мемлекеттік бағдарламалар қоғамдық бақылауда болу керек. Былтыр 3332 партиялық бекет құрылды. Олардың арқасында 3500 кемшілік анықталды.  

Жиын соңында «Нұр Отан» ХДП белсенділері партиялық бақылау комитетінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Инеш Шоқақова