Бизнес және экономика

«Халықтық IPO» деген не?


 

Өткен жылы Елбасы Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорына кіретін ұлттық компаниялардың акцияларын қарапайым халыққа ұсыну бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Нәтижесінде елдің қор нарығындағы ең ірі жобалардың бірі – «Халықтық IPO» бағдарламасы дайындалды. Ендігі мақсат – аталмыш жобаның мүмкіндіктері мен оған қатысу тәртібін қазақстандықтарға түсіндіру. Бір күндік тренинг те осыған арналып отыр.

Галина Ершова, «Вариант» ЖШС қаржылық қызмет көрсету агенттігінің директоры:
– Қолында қаражаты бар әрбір азамат елдегі ірі компаниялардың акцияларын сатып ала алады. Оған дивидендтер түседі. Ал акцияларды сатқан жағдайда олардың құнының өсіміне байланысты пайда түсірмек. Бұл мемлекетке де тиімді. Саяси тұрақтылық пен экономиканың өсуіне жол ашады.

Ақпараттық-түсіндіру науқанының барысында халықтың қаржылық-инвестициялық сауаттылығын арттырып, құнды қағаздар нарығындағы операцияларға қатысу жолдарымен таныстыру көзделуде. «Халықтық IPO» бағдарламасына қызығушылық танытып отырғандар аз емес.

 – Көп мағлұмат алдым. Қаржыны депозитке саламын ба, IPO-ға ма. Және қандай пайдасы бар екенін білдім.
 – Өзім осы бағдарламаға қатысуды жоспарлаудамын. Бағалы қағаздар нарығы дүние жүзінде табысты салым болып табылады. Сондықтан Үкіметтің халыққа осындай жоба ұсынғандығы қуантады.

Төрт жыл ішінде «Халықтық IPO-ға» мемлекеттің ең бай 10 компаниясы мен 160 мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде. Сондықтан түсіндіру жұмыстары әлі де жалғасын таппақ.

Инеш Шоқақова