Қоғам

Көктемгі аңшылық маусымы ашылды

 

 

Таң алды – құрдың ұшатын мезгілі. Осы уақытта ол жайлы жерге қонып, жарты сағат қыбырламастан отырады. Қанжығасын майлаймын деген аңшы да шыдамдылық танытуы тиіс. Егер құс адамды сезіп қалса, күнің босқа өткені дейді кәсіпқой аңшы Виталий Цыганов. Отыз жыл бойы саятшылықты жанына серік еткен Виталий әрбір жабайы құсты түсіне қарап айырып, мінезін жаттап алған.

Виталий Цыганов, аңшы:

-Мына ұшып келе жатқан 2 үйректі алыстан айыру қиын емес. Оның аталығының түсі ақ, ал аналығы сұр түсті. Әрбір құс аңшыны сезе біледі, сондықтан табиғат аясында оларға көрінбеуге тырысып, арнайы киім киемін.

ТОЗ-66 қос ауызды мылтығын алып, Виталий үйректі нысанаға алды. 9 мамырға дейін жалғасатын аңшылық маусымында  аталық құр мен үйректі олжалауға болады.

Максим Ушаков, облыстық аңшылар қоғамының аңшысы:

-Күніне 3 үйрек, ал маусым бойына 12-сін атуға болады. Ал құрдың күніне екеуін, осы маусымда 6-уын атып алуға рұқсат етіледі. Көктемгі аң аулау маусымында ақ бас қазды атуға тыйым салынады.

Аң аулау маусымы мезгілінде 12 облыстық аңшылық шаруашылығының қызметкерлері тәулік бойы күзет жұмыстарын жүргізеді. Қоғамда 3 мыңға жуық аңшы бар. Жыл басынан бері өңірде заңсыз аң аулауға қатысты 4 факті тіркелген. 2 заңсыз қару-жарақ тәркіленіп, оларға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 2 айыппұл салынған.

Әсел Күшенғалиева