Қоғам

Еске алу вахтасының екінші тобы жолға шықты

«Алғыс» әскери-патриоттық клубы осымен 17-ші «Еске алу» вахтасына қатысқалы отыр. Бұл топтың құрамында Петропавл темір жол көлігі колледжінің студенті Артем Курбанов та бар. Осындай сапарға ол екінші рет жүргелі тұр. Ұлы Отан соғысы жылдары майдан даласында қаза тапқан жауынгерлердің сүйектерін табу ғана емес, сонымен қатар олардың есімдерін анықтау – басты мақсатымыз дейді әскери-патриоттық клуб мүшелері.

Артем Курбанов, Петропавл темір жол көлігі колледжінің студенті:

 

– Өткен жылғы сапарда есімде қалғаны, біз барған Красная Горка деген төбеде бірнеше іздеушілер тобы өткен жолдан ешкім байқамаған жауынгердің сүйегін таптық. Біз мұндай жауапты сапарға алғаш шықсақ та, жолымыз болды.  

Солтүстікқазақстандық іздеушілердің айтуына қарағанда, экспедиция барысында табылған әрбір зат құнды болмақ. Өйткені оған қарап белгісіз солдат жайлы қандай да бір ақпарат алуға болады. Барлығы 10 адамнан жасақталған топ Тула облысына бағыт алып отыр. Сұрапыл соғыс жылдары осы далада талай қазақстандық жауынгер шайқасқан екен.

Александр Самойлов, «Поиск» отрядының командирі:
– Бүгін кезекті халықаралық іздеу экспедициясына қатысу үшін Тула облысына жүргелі тұрмыз. Біз онда жеткесін Белёв қаласының маңына тоқтаймыз. Негізінен сол жерде қазақстандық дивизия соғысқа қатысқан екен. Нақтырақ айтсақ, Ақмола атқыштар дивизиясы. Қазір ол жерде біздің барлаушыларымыз жұмыс істеп жатыр.

Александр Самойлов осындай игі шараға қатысуға ниет білдіргендердің саны жыл санап артып келеді дейді. Іздеушілер қатарына биыл алғаш рет қосылып отырған Бәтима Абдрахманова арнайы дайындықтан сәтті өткен. Алыс жолға жүргелі тұрған Бәтиманы шығарып салуға әпкесі келіпті.

Роза Абдрахманова:
– Сіңлім үшін өте алаңдаймын. Осы сапарда оған сәттілік тілеймін. Бастысы, сапардан жақсы әсермен оралсын.

Іздеу шараларына Қазақстан, Украина, Литва, Белоруссия елдерінен барлығы 14 отряд қатысады екен.

Әспет Әбдірешова