Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ардагерлер ұйымына – 25 жыл

 



“Қариясы бар елдің қазынасы бар”. Соңғы күндері бұл қанатты сөз көптің аузында. Ал өңіріміздің қазыналы қариялары жиырма бес жылдық мерейтойда бас қосты. Болмысқа біткен белсенділік қой, ардагерлер бүгін де ширақ, ақжарқын көңіл күйде. Аға буын өкілдерінің көтеріңкі көңіл-күйлерін салтанатты жиында айтылған жылы лебіздер мен құттықтаулар одан әрі шаттандыра түскендей.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Ардагерлер – тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалауға өз үлестерін қосуда. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайын назардан тыс қалдырмайды. Президенттің жыл сайын ардагерлермен кездесуі оларға деген зор құрметтің белгісі. Аға буын өкілдері салған сара жолды болашақ ұрпаққа мирас ету біздің басты парызымыз.

Ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мол. Өскелең ұрпаққа айтар ақылы, берер кеңесі, көрсетер жолы дұрыс. Әлбетте, бүгінгі жетістіктеріміздің баршасы – аға буынның ерен еңбегі мен қажырлы жігерінің арқасы. Олар осы күні де егеменді еліміздің өсіп-дамуына өз үлестерін қосып келеді.

Қайырлы Едіресов, облыстық мәслихат хатшысы:
-Сіздер ұрпаққа ұлағатты жол сілтеп, отаншылдық сезім мен халықшыл рухты биіктетуге үлкен еңбек етіп келесіздер. Сіздердің қоғамдық белсенділіктеріңіз бен азаматтық позицияларыңыз өңіріміздің ілгері қарай жылжып, дамуына үлес қосуда.  

25 жыл бұрын ардагерлер бір ұйымға бірігіп, содан бері ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп келеді. Ардагерлер ұйымдары қарт адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғап, оларға материалдық және моральдық қолдау білдіріп қана қоймай, мемлекеттің саяси-қоғамдық өміріне белсенді араласып жүр. Олар еліміздегі тұрақтылық пен татулықты нығайтуда, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде де мықты тірек болып отыр. Бүгінгі күні біздің облыста 673 ардагерлер ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында 90 мыңнан астам қария бар.

Манап Құсайынов, ардагерлер кеңесінің төрағасы, Шалақын ауданы:
Ауданда қазір 53 ардагерлер ұйымы бар. Олар қарт адамдарға көмек көрсетеді, зейнетақысы аз тұрғындарға жәрдемдеседі.

Ардагерлерді қамқорлыққа бөлеп, құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың парызы. Салтанатты жиында белсенді өмірлік ұстанымы, кейінгі буынды тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін бір топ ардагер алғыс хаттармен марапатталды.

Таңат Сүгірбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі:
-Ардагерлер алдында тұрған ең маңызды міндет – бүгінгі бірлікті, ынтымақты сақтау, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу. Осы бағытта әрқашанда жеңіске жете берейік.

Ал ардагерлер кеңестерінің төрағаларына облыс әкімі қызметтік көлік  кілттерін берді. Өз кезегінде қариялар осынау қолдау мен ықылас үшін өңір басшысына алғыс хат табыстады. Мерекелік шарада сондай-ақ орталық және облыстық ардагерлер кеңестерінің марапаттары да өз иелерін тапты.

Айымгүл Әбілева