Туризм

Туризм қайтсе дамиды

 

 

  

Елде туризм саласын дамытуға соңғы жылдары ерекше көңіл бөлінуде. Өткен 2 жылда оң өзгерістер байқалған. Салаға бағытталған инвестиция көлемі 161 пайызға артыпты. Дегенмен Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің сөзіне қарағанда, инвесторларды тарту, демалыс орындарындағы инфрақұрылымды жетілдіру, мамандар даярлау мәселелері әлі де қажет деңгейде жүргізілмейтін көрінеді. Шет елден келген туристердің құжаттарын тексеру жүйесінде де кемшін тұстар бар. Сондай-ақ ішкі және сырттан келушілер туризмін дамытуда өңірлік жобалардың маңызы зор. Отырыста туризм бағытын дамыту мәселесін өңірлік жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларға енгізу жайы сөз болды. Келесі мәселе – мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту. Қаржы механизмдерін кеңейту, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жүйесін жеңілдету сынды ұсыныстар қарастырылмақ. Селекторлық байланыстан соң аталмыш мәселелер бойынша облыс әкімі Серік Біләлов бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
2014 жылға дейін құрастырылған өңірлік жобаны қайта қарастыру керек. Оны қағаз жүзінде ғана қалдырмай, әр жылда істейтін нақты жұмыстарды белгілеу қажет. Кейбір маңызды жобаларды «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жүзеге асыруға болады. Бұл мәселені қарастыру керек.

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:
Көптеген мәселелерді туристік қауымдастықтың көмегімен шешуге болады. Мұндай ұйым құрылды. Оның басты мақсаты – қонақ үй бизнесін дамыту. Облыс бойынша қонақ үйлердің 10 пайызы ғана толады.  

Басты себеп – бір де бір қонақ үй нөмірлеріне интернет арқылы тапсырыс беру жүйесінің болмауы. Бұл олқылықтарды туристік қауымдастық назарына алмақ. Кейбір жобаларды «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша қаржыландыру мәселесі де кеңінен талқыланды.

Инеш Шоқақова