Қоғам

СҚО ардагерлер ұйымына – 25 жыл

 

 

Мустачат Самойлова Петропавл ауыр машина жасау зауытында отыз жылдан астам қажырлы еңбек еткен. Тоқсаныншы жылдары зейнетке шыққанымен, өмір бойы белсенді еңбек етіп әдеттенген ол қоғамдық жұмыстан қол үзгісі келмейді. Сондықтан зауыттың ардагерлер ұйымына жетекшілік етуді ұйғарады. Осылайша Мустачат Самойлованың осы ұйымға басшылық жасап жүргеніне биыл он алты жыл болыпты.

Мустачат Самойлова, “ПЗТМ” АҚ бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы:
-Ардагерлер кеңесі жемісті жұмыс жасап келеді. Қоғамдық- саяси оқиғалардан шет қалмаймыз. Сайлау науқандарына, басқа маңызды саяси шараларға белсене қатысамыз. Біздің ардагерлер мәдени-спорттық іс-шаралардың үнемі ортасында. Марапаттарымыз да жетерлік.

Қазіргі күні ардагерлер кеңісінің құрамында 1498 адам. Оның он сегізі соғыс ардагерлері екен. Майдангерлерге құрмет көрсету әрқашан басты назарда дейді ұйым мүшелері. Олар үшін үнемі қамқорлық пен қолдауды сезіну маңызды. Зауытта көп жылдар аянбай еңбек етіп, оның дамуына үлестерін қосқан ардагерлердің ешқайсысы ұмыт қалмақ емес. Олар әрбір мерекеде, әрбір мерейтойда қамқорлыққа бөленеді. Қарт адамдар үшін көңіл бөліп, құрмет көрсету – кез келген сыйлықтан қымбат дейді ардагерлер ұйымының төрайымы.

Мустачат Самойлова, “ПЗТМ” АҚ бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы:
– Оларға хабарласып, мерекемен, туған күнімен құттықтасаң көңілдері өсіп, марқайып қалады. Қарияларға ақша не болмаса сыйлық маңызды емес. Көңіл бөліп, қамқорлық жасасаң – осы оларға керегі.  

Ұйымдағы ардагерлер еш уақытта бос отырмайды. Әрбірінің өз ісі, өз шаруасы бар. Бірі зауыттың газетін шығаруға атсалысса, компьютер тілін меңгергендері қағаз басады. Ән айтатындары хорға қатысып, спорт сүйетіндері сайыстарда бақ сынайды. Ал қолданбалы қолөнермен шұғылданатындар жұмыстарын түрлі көрмелерге қойып, жұртты тәнті етеді.

Надежда Исаева, “ПЗТМ” АҚ бастауыш ардагерлер ұйымының мүшесі:
-16 жыл осы ұйымда еңбек етіп келемін. Игі мақсат үшін жұмыс жасап жатырмыз. Әлі күш-жігерім бойымда. Алдағы уақытта да түрлі іс-шараларға қатыса бермекпін. Өзіміз осы жерде жиналып, бас қосып, әңгімелесіп, бір серпіліп қаламыз.

Бүгінде ардагерлер Бірлік күні мен тоғызыншы мамыр – Жеңіс мерекесіне дайындалып жатыр. “Біз әрқашан саптамыз, туған өлке, ел игілігі үшін өз үлесімізді қосуға қашанда әзірміз” дейді олар. Аға буынның бұл ынта-ниеті өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге.

Айымгүл Әбілева