Аптадағы маңызды жаңалықтар

Полицейлер бірінші тоқсанды қорытындылады



 

Қылмыспен тиімді күрес жүргізіп, оның алдын алуда учаскелік инспекторларға жүктелетін міндет зор. Биылғы жылы үш айдың ішінде полицейлер 536 қылмысты ашыпты. Кәмелеттік жасқа толмағандармен жұмыс жасайтын учаскелік инспекторлар 38 қылмысты айқындаған. Полицейлер заңбұзушылықтың алдын алудың бір амалы ретінде – әкімшілік жауапкершілікке тартуды қарастырып отыр. Сөйтіп, жыл басынан 28605 әкімшілік құқықбұзушылық анықталыпты.

Мұрат Ұрымханов, СҚО ІІД бастығы:
Қылмыстық Кодекстің “Ұрып-соғу” бабы бойынша – 105 адам, “Ұсақ бұзақылық” бойынша – 236, есірткінің заңсыз айналымына байланысты – 75, балаларды тәрбиелеу және оқыту міндеттерін орындамағаны үшін – 128 адам , түнгі уақытта кәмелеттік жасқа толмағандардың ойын-сауық орындарында болғаны үшін – 53, кәмелеттік жасқа толмағандарға спирттік ішімдік сатқаны үшін – 31 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Дегенмен бұл жұмыстар жеткіліксіз. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында ғана полиция органдарына 4000-нан аса шағым-өтініш түскен. 1600-ден астам қылмыстық іс қозғалыпты. Бұл өткен жылдағыдан 400-ге артық. Осылайша қылмыс саны 44 пайызға өскен.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

Ұсақ қылмыстар үшін жауапкершілікті қатаңдату керек. Өйткені ертең ол ауыр қылмыс жасауы мүмкін. Сондықтан әкімшілік жаза – айыппұл мен үш тәулікке дейін қамау шараларын тәжірибеге енгізу қажет. Бұл орайда Астана қаласындағы әріптестеріңіздің жұмысы үлгі бола алады. Онда полицейлер қоғамдық орындарда қоқыс тастап, сағыз жапсыратындарды жауапкершілікке тартуда. Департамент басшылығына бұл мәселені жеке бақылауға алуды тапсырамын.

Полицейлердің кәсібилігі, тәртібі мен өнегесінің де маңызы үлкен деді өңір басшысы. Сондықтан жеке құрам арасында тәрбиелік жұмысты күшейту қажет. Ал өзінің жұмысын мінсіз орындап, қызметінде жоғары көрсеткіштерге ие болған бір топ тәртіп сақшысы облыс әкімнің құрмет грамотасы мен алғыс хаттарына ие болды. Бірқатарына бағалы сыйлық тапсырылды.

Нина Ковалёва,  Жамбыл ауданы ІІБ кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекторы:
Біздің жұмыс оңай емес. Кәмелеттік жасқа толмағандармен жұмыс жасаймыз. Бұл еңбегіміздің бағаланғанына қуаныштымыз. Алдағы уақытта да заңбұзушылықтармен күресіп, алдын алу үшін нәтижелі жұмыс жасауға тырысамыз.

Сондай-ақ жиында “Көршілер бақылауы” жобасына белсенді қатысқан екі жеке пәтер иелері кооперативінің төрағалары да марапатталды.

Айымгүл Әбілева