Қылмыс

Күзетші қызметтік қарумен танысын атып тастаған


 

Түнгі сағат үш шамасында полицияға Мир көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында 23 жастағы ер адамның мүрдесі табылды деген суық хабар түскен. Жедел тергеу тобы ер адам басына тиген оқтан көз жұмғанын анықтады. Қылмыс орнынан калибрі 9 мм «Байкал» тапаншасы табылды. Тәртіп сақшыларын шақыртқан куәгерлер жігіттің өз танысының қолынан мерт болғанын айтқан. Бірақ күдікті оқиға орнынан қашып кеткен.

Спартак Қабденов, СҚО ІІД  бөлім бастығы:
-Қылмыс орнын тексеру барысында полицейлер күдіктіні ұстады. Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізілуде.  

Ұсталған 23 жастағы күзетші кезекшілікте болғанын айтты. Оған таныстары келіп, бірге ішімдік ішкен. Отырыс соңы жанжалға ұласады. Сезіктінің айтуынша, ол тапаншасымен қарсыласын қорқытпақшы болыпты. Бірақ, ойыннан от шыққан. Қазіргі кезде ҚР ҚК 96 бабына сәйкес «Кісі өлтіру» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауқа алынды.

Гүлбану Ахметова