ТКШ

Электр энергиясының бағасы қымбаттатылмақ

 

 

Бүгінгі күнгі  электр энергиясын жеткізу және тарату тарифі маусымның отызына дейін бекітілген. Енді бұл қызметті ұсынушы “СК РЭК” компаниясы шілденің бірінен жаңа тариф енгізбекші. Олар табиғи монополияларды реттеу агенттігінің облыстық департаментіне қазіргі бағаны 40 пайызға өсіру жөнінде өтініш берген. Монополист компания бұл шешімнің бірнеше себебін атап көрсеткен.

Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры:
– Жарты жыл бұрын өтініш берген. Олардың айтып отырған негізгі себептері – екі жыл ішінде нормативтік ысырап бағасы өсті. Оның үстіне инфляциялық екі жылдық шығындары бар. Сосын жұмысшыларының жалақысы бар.

Мұнымен қатар салық және өзге де міндетті төлемдер шығыны өскен. Энергетикалық қондырғыларды жөндеуге де қаржы керек. Бұған қоса инвестициялық бағдарламаға құйылатын қаржыны да арттырмақ энергетиктер.

Виктор Тен, “СК РЭК” АҚ президенті:
– Инвестициялық бағдарламаға құйылатын қаржыны арттырамыз. Жылына орташа алғанда 37,2 млн. теңге. 2010-2011 жылдары бұл мақсатқа 1 млрд. 344 млн. теңге жұмсалса, 2012-2013 жылдардың инвестициялық бағдарламасы 1 млрд. 418 млн теңгені құрайды. Бұл қаржы қондырғыларды жаңғыртып, электр құрылғыларының сенімділігін арттыруға, электр энергиясының шығынын азайтып, тұтынушыларды үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 
Бүгінгі күні тариф 1 кВт/сағат үшін 2 теңге 46 тиын. Монополист-компания оны 3 теңге 44 тиынға дейін өсіруді сұрап отыр. Соңғы шешім бір айдан кейін қабылданады. Электр энергиясын жеткізу және тарату тарифінің қанша пайызға қымбаттайтыны мамырдың жиырма бесі белгілі болмақ. Ал жаңа тариф 2014 жылдың отызыншы маусымына дейін бекітіледі.

Айымгүл Әбілева