Ауыл шаруашылығы

Селекторлық кеңесте мал шаруашылығын дамыту мәселесі қаралды



 

Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков ірі қара етінің экпорттық әлеуетін арттыру жобасы аясында елімізде 3 бағытта жұмыс жүргізу көзделгенін айтты. Бірінші бағыты – тауарлық фермерлік шаруашылықтар құру. Олардағы мал басын 500 мыңға жеткізу межеленіпті. Екінші бағыт бойынша асыл тұқымды репродукторлар жүйесі құрылуы тиіс. Бұл бағыт алдағы 5 жылдың ішінде 70 мың асыл тұқымды бұқаларды сатып алуды қарастырған. Нәтижесінде жергілікті сиырлар мен асыл тұқымды бұқалардан туған төлдер күзге дейін фермерлік шаруашылықтарда күтіліп, күзде мал бордақылау алаңдарына сатылады. Бұл – жобаның үшінші бағыты. Ауыл шаруашылығы министрі бұл бағдарлама аясында шаруашылықтардың шығындары мемлекет есебінен субсидияланатынын еске салды.
Селекторлық жиында көтерілген “Қой шаруашылығын дамыту” жобасы да 3 бағытты қарастырады. Ірі қара малдағыдай мұнда да тауарлық отарлар жасақтау, асыл тұқымдық шаруашылықтар құру көзделіпті. Және үшіншісі – жайылымдарды қалпына келтіру. Ірі қара мен қой шаруашылығы дамыған тұста, қосымша өнім – жүн мен тері өндірісі де назардан тыс қалмағаны жөн. Қой терісін илеу, жүн шарушылығын дамыту жайын үкіметтегілер алдағы уақытта тиісті министрліктермен түпкілікті қарастырмақ. Және отырыста қаралған соңғы мәселе – ветеринария жайы. Осы күні елімізде ветеринария жөніндегі комитет құрылып, аудандарда тиісті инспекциялар жұмысын бастады. Қазіргі уақытта мал сою қосындары ерекше назарға алынуы тиіс. Жиында малды идентификациялау мәселесі қозғалды.
Селекторлық байланыс үзілген соң, облыс әкімі жергілікті ведомство басшыларына тиісті тапсырмалар берді:

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Барлық бағдарламалар бойынша мал сатып алу жоспарлары орындалуы тиіс. Ветеринарлық инспекция мал ауруларын анықтау бойынша жұмыс жүргізсін. Осы уақытта Уәлиханов және Айыртау аудандарындағы жағдай ушығып тұр. Және тері мен жүн өндірісі мәселелерін зерттеп, “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы тұралап қалған тері өңдейтін кәсіпорындарға көмек көрсету жайын қарастыру керек.

Үстіміздегі жылы облыста 2000 басқа шақталған мал бордақылау алаңдарын, 500 басқа асыл тұқымды репродуктор және 3400 басқа шақталған фермерлік шаруашылықтар құру жоспарланған.

 

Гүлмира Шоқтыбаева