Бизнес және экономика

Қаржылық бақылау саласындағы өзгерістер


 

Залға мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының қызметкерлері жиылды. Олардың барлығы Есеп комитетінің өкілі оқыған дәрісті мұқият тыңдап отыр. Дәрісте осы жылдың басында мемлекеттік сатып алу заңнамасына енгізілген өзгерістерге басымдық берілді. Сондай-ақ бюджеттік бағдарламаларға қатысатын азаматтардың жауапкершілігінің күшейетіндігі жайлы да әңгіме өрбіді.

Әнуар Өскенбаев, ҚР есеп комитеті заң бөлімінің меңгерушісі:
Бұл заң мемлекеттік сектордағы субъектілердің жауапкершілігінің артуына бағытталған. Онда бюджеттен бөлінген қаржыны дұрыс пайдаланбағандарға салынатын айыппұл қарастырылған.

Есеп комитеті мен қаржылық тәртіп бұзушылықты зерттеу орталығының өкілдері өткен жылы еліміздің бірқатар облыстарында осы сынды семинарлар өткізген. Ал өңірімізде мұндай шара алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Нұрлан Қатренов, “Қаржылық тәртіп бұзушылықты зерттеу орталығы” РМК сектор меңгерушісі:

-Бұл семинар есеп комитеті қабылдаған бюджеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында өткізіліп отыр. Осылайша мемлекеттік қаржылық бақылау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында дәріс оқимыз. 

Жиылғандар биыл енгізілген жаңашылдықтармен танысып, дәріс оқығандарға осыған байланысты туындаған сұрақтарын жолдады. Олар кездесу барысында мол пайдалы ақпарат алғандарын тілге тиек етті.

Роза Райымбекова, СҚО бойынша қаржылық бақылау инспекциясының бөлім бастығы:
-Семинар өзімізге керек нәрсе. Өйткені заңдар орнында тұрмайды. Жаңа заңдар болады. Сол өзгерістерге сәйкес жаңа заңдарды біліп жатырмыз.

Айдана Демесінова