Қоғам

Қайырымдылық сенбілігінің қорытындысы

 

 

 

Алғашқылардың бірі болып өздеріне бекітілген аумақты қыстан қалған қоқыстан арылтуға облыстық мұрағат қызметкерлері кірісіп кетті. Тарихи құнды құжаттарды тәртіпте сақтайтын ұжым қаламыздың тазалығына да ұқыпты қараған жөн дейді.

Бәтима Мүслімова, Петропавл қалалық мұрағатының директоры:
Биыл 17 шілдеде біздің қаламыз 260 жылға толады. Соған бәрін жинап, бір күндік жалақымызды ардагерлердің есебіне аударамыз. Біз үлес қосып жинаймыз, ешқашан да қалмай қолдан келгенін істеп, қала тұрғындарын да осыған шақырамыз.

80-ң сеңгіріне шыққан Сәлім Әділбек демалыс саябағында таза ауамен демалуды әдетке айналдырған. Қарияны өзге серуен құрушылардың қарапайым тазалық ережелерін елемейтіні  алаңдатады.

Сәлім Әділбек, зейнеткер:
Өзіміз таза ұстасақ, мына жер таза болмай ма. Біз күнде келеміз осы араға, таза болса демалып, кеңесіп отыруға оңды болады.

Мұндағы қар астынан шыққан қураған бұтақ, жапырақ ,демалушылар тастап кеткен қалдықтарды №6 қазақ орта мектебінің оқушылары жинастырып жатыр. Саябақтың сиқын бұзып, сәнін кетіретін жағымсыз көріністен арылу үшін белсенді жастар аз шаруа тындырған жоқ. Дегенмен ұзақ уақыт бойы жиналған қалдықтар азаятын емес. Оқушылар бастаған істерін аяқсыз қалдырмай тағы келетіндіктерін айтады.

Мен таза қалада өмір сүргім келеді. Сондықтан біз әрбір сенбілікке қатысып жүреміз. Тазалық ол денсаулық кепілі.  Қазақстанның әр азаматы осы сенбіліктерге қатысуға міндетті.
Патриоттық сезім ол еразаматтың әскерге барып қару ұстауы ғана емес, осындай қарапайым іс шаралардан басталады. Бұл өз қаламызды таза ұстаудың өзі отансүйгіштіктің бір белгісі.

Қапшық, тырнауышпен қаруланған облыс орталығының кәсіпкерлері де  қайырымдылық шарасынан шет қалмады. Жеке іс иелері өздерініе тиесілі аумақты сыпырып, жол жиектерін ақтады.

Ақмарал Сейітбекова, шаштаразшы:
Бүкіл қала болып сенбілік өткізіп жатырмыз. Қайырымдылық сенбілігі. Біздің аумақта ғана емес, барлық жерлерде өтіп жатыр.

Қоғамдық маңызды шараға “Чернобыль одағы” ҚБ мүшелері де жұмыла кірісті. Адамзат тарихындағы ең зұлмат апатты ауыздықтаған 2,5 мың солтүстікқазақстандықтың бүгінде 400-ден астамының ғана көзі тірі. Бұл күнге жетпегендердің құрметіне былтыр тұрғызылған ескерткіш маңайы қалпына келтірілді. Арнайы өрт сөндіру көлігінің көмегімен 4 метрлік мәрмәр тастан соғылған монумент жуылып-шайылды.

Ақатжан Арықов,  СҚО “Чернобыль одағы”   ҚБ төрағасының орынбасары:
Тазалық өзімізге байланысты ғой. Таза болған жерде денсаулық та болады. Былтырғы ашқан ескерткіштің   маңайын сыпырып, жөндеп, қалпына келтірейік деп шығып отырмыз.

Мир, 248 мекенжайының тұрғындары да ортақ үйлерінің маңайын абаттандыруға шықты. 120 пәтерлік үйдің белсенді тұрғындары балалар алаңқайын, қоршауды сырлап, орамдарындағы қуараған ағаштарды кесіп жатыр.

 Никита:
Мұнда демалыс күндері,  мектептен кейін келемін. Өзімнің алаңымды қалпына келтіру үшін сырлап жатырмын. Аула таза болса, үстіміз кірлемейді.
Мәлік Құрманғожин
:
Жылдағы әдетімізбен сенбілікке шығып отырмыз. Үйіміз ескі болғанымен алаңды тәртіпте ұстауға тырысамыз. Бұл тазалық өзімізге, немерелерімізге керек. Мынау жинаған қоқысты шығаратын көлік керек. Жинауын жинағанымен өртеуге қорқамыз.

Жеңіс Ермұқанов