Аптадағы маңызды жаңалықтар

Полиция қызметкерлерінің Наурыз тойы

 

 

“Динамо” спорт кешені шағын ауыл іспеттес. Қаз-қатар киіз үйлер тігіліп, самауыр қайнап, ошақ басында ұлттық тағамдар әзірленуде. Наурыздың 22-сінде қоғамдық тәртіпті күзететін өңіріміздің полицейлері наурыз мерекесіносылай кейін тойлайды. Тәртіп сақшылары дәстүрге сай меркені думанды спорттық жарыстармен ашты. Біреулері футзалда аяқ доп ойынынан мықтылықтарын дәлелдеп жатқанда, енді бір топ армреслинг, гір көтеру, арқан тартудан білек күштерін сынады. Енді бір лек отбасылық көңілді эстафетаға қатысты. Осылайша бастары қосылған әріптестер төс қағыстырып, бір-біріне тек ізгі тілектер жолдады.

– Наурыз мейрамы құтты болсын, ақ мол болсын.
– Көп ұлт өкілдері бір шаңырақ астында түтін түтетіп отырғандай бәрі тату-тәтті өмір сүре берсін. Мереке құтты болсын.

Бұл күні Ұлыстың Ұлы күннін ұлықтауға жиналған тәртіп сақшыларын облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Ұлттық достықтың қайнар көзі болып табылатын бұл мерекені қазақ халқы ерекше атап өтеді. Қоғамдық келісім, тұрақтылықты және қауіпсіздікті сақтауда сіздердің қосып отырған үлестеріңіз өте зор. Отбасыларыңызға зор денсаулық, баянды бақыт, құт-береке тілеймін. Наурыз мерекесі құтты болсын.

Өңір жетекшісі спорттық додаларда топ жарған үздіктерді диплом, бағалы сыйлықтармен марапаттады. Кейін аймақ басшысы ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлерді аралады. Бір-бір шаңырақ тіккен ІІД құрылымдары меймандарды ұлттық аспаптардың әсем сазымен ән шырқап қарсы алып, қонақжайлықтарын барынша таныта білді. Әрбірі   әсем өрнектелген киіз үйдің үздігін анықтау оңайға соқпады.  Дегенмен Петропавл қалалық ІІБ, Тимирязев және  Тайынша аудандық ІІБ  құрған киіз үйлер жүлдеге лайық деп танылды.  

 Абай Тастеміров, Тайынша аудандық ІІБ бастығы:
– Бұның бәрі Тайынша өңірі шеберлерінің қолынан шыққан дүниелер. Киіз үйдегі әр бұйым ол тарих. Біз өткенімізді ұмытпай, жаңғыртуымыз керек. Бүгінгі мереке соның бір айғағы.  

Жастарды салауатты өмір салтына баулып, спортқа тарту мақсатында түрлі ұлттық ойындардан қызу тартыстар өтті.

Жеңіс Ермұқанов