Қоғам

«Жасыл патруль»


Мещан орманы – қала халқының жиі дем алуға баратын орындарының бірі. Мұнда келушілер табиғатты қорғап, оны аялау – әрбір адамның парызы екенін естен шығарып алған сияқты. Орман ішінде шашылған қоқыс пен оттан кейін қалған күл орындары мұнда келушілердің табиғатты қорғауға бей-жай қарайтындығын аңғартты. Табиғат сақшылары рейд барысында бір де бір өрт оқиғасына кезікпесе де, қайың ағашын кесіп, шырынын алмақ болған екі ер адамның әрекетіне тап болды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның 283-бабына сай ағаштарды зақымдауға, заңсыз кесуге тыйым салынады. Яғни бір қайың ағашы үшін 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Заңбұзушылардың бұл жолғы әрекетіне кешірім жасалып,оларға шырынды жас ағаштан алуға болмайтындығы түсіндірілді. «Жасыл патрульдің» негізгі міндеті де осында – ормандағы өрт оқиғалары мен басқа да заңбұзушылықтардың алдын алу.

Марина Подоксенова, СҚО табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:
Бір шырпының өзі қаншама залал әкеледі. Ормандарда өрттің  алдын алу, санитарлық жағдайларды сақтау, ағаштарды зақымданудан қорғау – біздің негізгі мақсатымыз.

Аталмыш шараға қатысуда белсенділік танытқан «Экосфера» қоғамдық ұйымының студенттері тоғайдың іші өте лас екендігіне алаңдаушылық білдірді.

Татьяна Копылова, «Экосфера» қоғамдық ұйымының мүшесі:
Мещан орманы өте лас. Мұндағы қоқыстың көптігі соны аңғартты. Бүгін осында дем алуға келген адамдар өздерінен кейін қоқысты жинауға уәде берді, әрине оны орындайды деген үміттеміз. Дегенмен де орман ішіндегі көрініске қарап оған сену қиын.

«Жасыл патруль» жаз айларында бақылау рейдтерін апта сайын жүргізбек. 10-сәуірден бері Қызылжар орман мекемесінде 38 өрт шығу оқиғасы тіркеліпті. Оттан саяжайлар, егістік жерлер зардап шегіпті.

Әспет Әбдірешова