Спорт

Ауыр атлетикадан ел чемпионаты

44 келі салмақтағы Талдықорған қаласының намысын қорғауға келген ауыр атлетші Әнел Омарбек жұлқа және серпе көтеруден нәзікжандар арасында 1 орынға ие болды.

Әнел Омарбек, спорт шебері, Талдықорған қаласы:
– Бұл жарысқа жақсы дайындалдық. Біз Алматы облысынан 3 адам келдік. Басында жарыс басталмас бұрын қобалжу болды. Жазда Қостанай қаласында өткен жарыстан 1- орын алдым. Ал Қарағандыда өткен жарыста 2- орын алдым. Әлем чемпионы болып, Қазақстанның көк туын аспанда желбіреткім келеді.

Ауыр атлетикадан өткен ҚР чемпионатына еліміздің барлық облыстарынан мықты деген спортшылар жиналды. Аталмыш дода өңірімізде осымен 2 жыл қатарынан өтуде. Сайысқа еліміздің барлық облыстарының ауыратлетшілері қатысты. Былтыр 5 команда болса, биыл   3 есеге артқан. Ақмола облысының намысын қорғауға 6 спортшы келіпті. Жанбол Нұрмаханбетов жұлқа көтеруден   22 келілік зілтемірді еш қиындықсыз бағындырды.

Жанбол Нұрмаханбетов, сайыскер, Ақмола облысы:
– Мен былтыр қыркүйек айынан  осы спортқа бет бұра бастадым. Салмақ дәрежем бойынша 3-орынға қол жеткіземін деп ойлаймын. Ауыр атлетика маған өте ұнайды.  

200-ге тарта ауыратлеттердің басын қосқан ел чемпионатында өңіріміздің намысын 8 спортшы қорғады. Соның ішінде ауыр атлетикамен 5 жылдан бері айналысып жүрген петропавлдық Максим Дохневич та бар. 50 келі салмақтағы ауыр атлетші алғашқы жұлқа көтеруді 45 келіден бастады. Кезекті яғни екінші мүмкіндігінде 47 кг зілтемірді еш қиындықсыз бағындырды.

Максим Дахневич, сайыскер:
– Мен үшінші мүмкіндікті қолдан жіберіп алдым. Бұл көп қобалжығанымнан болар. Менің алдымда әлі серпе көтеру тұр. Осыдан қиындықсыз өтіп, бірінші орынға қол жеткізгім келеді.

Борис Делицинді еске алу құрметіне ұйымдастырылған ел чемпионаты сәуірдің 25 күні аяқталмақ. Және алда мамыр айында Көкшетау қаласында спартакиада өткізу жоспарланған.

Гүлбану Ахметова