Аптадағы маңызды жаңалықтар

ҚР Премьер-Министрі бірінші орынбасарының Солтүстік Қазақстанға жұмыс сапары



 

Серік Ахметов алдымен “Халықаралық Петропавл әуежайына” ат басын тіреді. Қазіргі уақытта бұл кәсіпорын біршама қиыншылықтарға тап болып отыр. 1974 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген әуежай ғимараты мен ұшу алаңы, арнайы техника әбден тозған. Жаңартуға 3,2 млрд теңге қажет. Кәсіпорын қарызға белшесінен батқан. 324 млн теңге берешегінің 28 млн. теңгесі жұмысшылардың жалақысы. Әуежай жұмысын тұрақтандыру мақсатында республикалық қазынадан биыл 230 млн теңге бөлінбек.

Серік Ахметов, ҚР Премьер- Министрінің бірінші орынбасары:
– Бұны қарастыру керек деп ойлаймын, өңірлік бола ма,  қаржыландыру соған қарай. Егер қолдарыңнан келсе, өңірлік немесе транзиттік әуежай қылу керек.

Бұдан соң бірінші вице-премьер Қызылжар ауданындағы “Петерфельд Агро” ЖШС мал кешеніне соқты. Былтыр бұл шаруашылыққа Германиядан 400 бас жоғары өнімді асыл тұқымды зеңгі баба төлі жеткізілді. Биыл тайыншаларды күтіп бағатын үш бірдей қысқы қораның құрылысы басталады.

Асқар Мәдиев, “Петерфельд Агро” ЖШС директоры:
– Мемлекеттің қолдауымен “Солтүстік” ӘКК арқылы 336 млн теңгенің жеңілдетілген несиесін алдық. Жылдық үстеме ақысы 4 пайыз. Несиені 2 жылдан соң өтеу мүмкіндігі берілді. Бұл өте тиімді. Бүгінде сиырлардан 368 төл алдық. Бұзаулар күніне 1 келіге дейін салмақ қосады. Бізде сондай-ақ 300 қазақтың ақ бас ірі қарасы бар. Жем-шөп базасы толық.

Серік Ахметов бұл жерде өңірімізде мал шаруашылығын дамыту бағдарламасымен танысты. Облыста ірі қара өсіретін 200-ге тарта шаруашылық бар. Өткен жылы 96 мың тонна ет пен 555 мың тонна сүт өндіріліпті. Бүгінде 25 серіктестік жергілікті малды асылдандыруды қолға алыпты. Былтыр бұл мақсатта өңірімізге 10 мың бас жоғары өнімді шетелдік тайынша алынды.

Серік Ахметов, ҚР Премьер- Министрінің бірінші орынбасары:
-Қазір қанша асыл тұқымды мал бар? Негізінен қандай мал?

 

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– 17800 бас ірі қара бар. Қазақтың ақ бас сиырлары, ангус, герофорд, симменталь тұқымдары

 

Серік Ахметов облыс орталығында салынып жатқан “Молпродукт” ЖШС құрылыс басында да болды. Мейманға нысанның өндірістік корпусы мен технологиялық қондырғылары көрсетілді. Швеция, Германия, Франциядан жеткізілген автоматтандырылған қондырғылардың 90 пайызы құрылып қойылыпты. Жаңартылып жатқан сүт зауытының жылдық қуаттылығы 85 мың тоннаны құрамақ.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

 – 13 ауданның әрқайсысында сүт қабылдау нүктесі болады.

Серік Ахметов, ҚР Премьер- Министрінің бірінші орынбасары:
-Заводтың өзінде сүт қабылдау орны бола ма?

-Иә, болады

Жаңа тетрапак әдісі бойынша сүт өнімдерін 6 айдан 1 жылға дейін сақтау мүмкіндігі тумақ. Инвестициялық жобаның жалпы құны 3,5 млрд теңге.

Нина Михеева, “Молпродукт” ЖШС директоры:
– Жаңа зауыт тәулігіне 500 тонна сүт өндіруге қауқарлы болады. Біз шамамен 200 тоннадан артық өнім шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұрынғы өндірісіміздің қуаттылығы 20 тонна ғана болды. Шикізат жеткізушілермен келісімдер жасап қойдық. Ол жөнінен қам жемейміз деп ойлаймын. Бүгінде 80 жұмысшым бар. Үстіміздегі жылдың тамыз айында кәсіпорын іске қосылғанда, қосымша 20 жұмыс орны пайда болады.

Серік Ахметов соққан келесі нысан  – “Қызылжар Ақбастау” коммуналдық базары. Мұнда ол ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрменкесін аралады. Тұтынушылармен тілдесіп,   азық-түлік бағаларымен танысты.

– Бағалары қалай?

-Бағалары жаман емес.

Ірі қара мен қой еті 800 теңгеден, шошқа 620 теңгеден басталады. Сүт – 90, жұмыртқаның ондығы -130, балдың келісі 1000 теңгеден өткізіліп жатыр. Тұтынушылар қалтаны аса қақпайтын өнімді пышақ үстінен бөліп әкетіп жатыр.

Асқар Секренов, “Қызылжар- Ақбастау” коммуналдық базарының директоры:
– Ең біріншіден азық-түлік бағасын қысқартып ұстау. Облыс бойынша құрылған  тұрақтандыру қоры бар.  Ондағы азық-түлік жәрмеңкелерге шығарылып сатылады. Бағасы 10-15 пайыз кем түседі қала бойынша.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бағаны тұрақтандыру мақсатында облыста бірінші кезектегі азықтың 80-нен астам түрінің жеткілікті қоры құрылған.

Жеңіс Ермұқанов