Ауыл шаруашылығы

Аграрийлермен кеңес

 

 

Премьер- министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметов алдымен соңғы үлгідегі техниканың көрмесін тамашалады. Мұнда шетелдік трактор, комбайндармен қатар отандық техника да қойылды. Мәселен, жем-шөп жинайтын КСК-600 комбайнын жүгері жинауда да пайдалануға болады. Ол Қостанай дизель зауытында шығарылған. Вице-премьерді көрмеге қойылған техникалардың қуаттылығы мен оларға деген сұраныс қызықтырды.

– Күніне 750-950 тонна, бұл үлкен көлем, шаруалар алып жатыр ма?
– «Зенченко и К» сияқты малы көп шаруашылықтар үшін өте тиімді, алып жатыр.

Серік Ахметовке өткен жылы өңір алқаптарынан жиналған өнімнің сапасын байқап көрді. Бірінші вице-премьердің назарына картоп, сәбіз, қырыққабат және бидай өнімдері ұсынылды. Өз өнімін көрмеге қойған «Астық-STEM» ЖШС директоры Сергей Звольский өткен жыл жемісті болып, сәбіздің әр гектарынан 90 тоннадан  алғанын айтады.
Кейін меймандар көктемгі егіс жұмыстарын өткізу және мал шаруашылығын дамытуға арналған семинар-кеңеске қатысты. Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров өңірдің алдағы егіс науқанына дайындығы туралы баяндады. Биыл егістік алқабының көлемі 4 млн 495 мың гектарға жетпек. Бұл өткен жылғыдан 11 мың гектарға артық. Соның ішінде майлы дақылдарды -328 мың, ал азық дақылдарын 300 мың гектар жерге егу көзделген.

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
– Облыстың диқандарына мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында 6,9 млрд. теңге бюджеттік субсидия қарастырылды. Көктемгі егіс және күзгі орақ жұмыстарын жүргізу үшін «КазАгро» АҚ еншілес кәсіпорындары жыл сайын 20 млрд теңгеден астам несие ресурстарын бөлуде. Сонымен қатар егіс науқанының қажеттілігі үшін шектеулі бағамен жанармай жеткізу мәселелері де шешімін тапты.

Өңірімізде мал шаруашылығын дамыту да оң жолға қойылды. 2011-2015 жылдарға арналған етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында облысымызда 10 000 басқа арналған бордақылау алаңын, 4 000 басқа арналған шаруашылық репродукторларды, 15 600 басқа арналған фермерлік шаруашылықтарды құру жоспарлануда. Асыл тұқымды ірі қараның санын көбейту мақсатында етті бағыттағы мал сатып алынуда. 2011 жылы ауылшаруашылық құрылымдары 2 685 бас ірі қарамен толықты. Мал шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан «Зенченко и К» командиттік серіктестігінде бүгінгі күні 6 000 бас ірі қара бар. Биыл Канададан 800 асыл тұқымды мал әкеліпті. Аталмыш серіктестік сүт өнімдерін шығаруда үлкен жетістіктерге қол жеткізген. Кәсіпорын директоры меймандарға мал шаруашылығын дамыту жөніндегі өз ұсынысын жасады.

Геннадий Зенченко, “Зенченко и К” КС бас директоры:
-Ауыл-селоларда тұратын адамдарға үстемақысыз несие беру керек. Оларға ақша емес, мал беру керек. Асыл тұқымды ірі қара берсек, азамат оны өсіріп көбейтуге тырысады. Бір-екі жылдан кейін қарызды өтейді, әрі мал санын көбейтеді. Бұл жұртқа үлкен демеу болар еді.

Бұл ұсыныс Серік Ахметовтың қолдауына ие болды.

Серік Ахметов, ҚР Премьер- Министрінің бірінші орынбасары:
Үстемақысыз несие беру мәселесін көтеріп отырған Геннадий Ивановичті қолдаймын. Жеке қожалық иелеріне көмек көрсетіп, оларға қаржының орнына ірі қараны берген шынымен дұрыс. Сонымен бірге ветеринария саласын дамытуды да қолға алған жөн. Бұл мәселені Үкімет қарастырып отыр.

Облыс әкімі Серік Біләлов жем-шөп және майлы дақылдарға бөлінетін алқаптарды кеңейтуге баса назар аударды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Майлы дақылдар, жем-шөп алқабын арттыру қажет. Ал мал шаруашылығын дамытуда жайылымдық мал өсіру, қой шаруашылығын қолға алған жөн. Соның арқасында аталған салаларды дамыту көзделген.

Айдана Демесінова