ТКШ

Финляндия кәсіпкерлері су сапасын жақсартатын өнімдерін таныстырды

 

 

Бүгінде тұрғындарды ауыз сумен қамту мәселесі басты назарда. Бұл мәселені  шешу мақсатында түрлі шаралар қолға алынуда.Өңірімізге келген «Wavin-Labko» финляндиялық компаниясының өкілдері солтүстікқазақстандықтарға өз жабдықтарын ұсынып отыр. Олар өнеркәсіптегі ағын суларды, мұнай өндіруден пайда болатын сұйықтықтарды тазалауға бағытталған құрылғыларды шығарады екен. Бұл жабдықтардың қолдану аясы кең. Оларды ауыл шаруашылығы, мұнай және тамақ өндірісінде де пайдалануға болады.

Игорь Цхе, “Wavin-Labko” компаниясының Қазақстандағы “WL-Astana» ЖШС өкілдігінің директоры:
Өндіріс орындары суға түрлі қауіпті заттарды бөлуі мүмкін. Біздің құрылғы бұған тосқауыл бола алады. Мысал ретінде келтірсек, біздің жабдықты автожууға орнатсақ, суды пайдалану бүгінгі шығынның 10 пайызын ғана құрайды.

Аталмыш компания 40 жылдан астам қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жабдықтарды шығарып келеді. Қазақстандағы өкілдік 2005 жылы ашылған. Тазартқыш құрылғылар өнеркәсіп басшыларына да тиімді, дейді компания өкілдері. Олардың сөздеріне қарағанда бұл жабдықтар қосымша шығынды қажет етпейді.

Андрей Каньовский, «Wavin Labko» компаниясының экспорт бойынша менеджері, Финляндия:
Құрылғы өздігінен жұмыс істейді. Оған дабылқаққыш орнатылған. Қызмет көрсету қажет болғанда ол ойнап, операторға қосылады. Бұл құрылғыдан шығын аз. Өйткені электр энергиясын, қосымша жөндеу жұмыстарын қажет етпейді.

Компания өкілдерін тыңдауға келгендердің қатары қалың болды. Олардың барлығы экологияны қорғау керектігін жақсы түсінеді. Сондықтан да меймандардың әңгімелерін зор қызығушылықпен тыңдады.

Мұхтар Смағұлов, қоршаған ортаны қорғау министрлігі СҚОФ Есіл аудандық экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы:
Бұл семинар өндіріс орындарының өкілдері үшін пайдалы деп ойлаймын. Олардың жабдықтарға қызығушылық танытқаны қуантады. Осылайша қоршаған ортаның жағдайына немқұрайлы қарамайтындарын көрсетті.

Осындай семинарларды финляндиялық компанияның өкілдері Қазақстанның барлық қалаларында өткізбек.

Айдана Демесінова