Қоғам

Еске алу вахтасы


 

 

Биыл “Еске алу вахтасына” Новгород облысының Росино елді мекеніне “Саланг” және “Ер Отан” әскери-патриоттық клубтарының мүшелері аттанғалы отыр. Олар Ұлы Отан соғысы жылдары майдан даласында қаза тапқан жауынгерлердің сүйектерін тауып, жерлейді. Оқ дәрі, қару жарақтарды жояды.

Александр Азегов, «Саланг» әскери-патриоттық клубының жетекшісі:
– Биыл шақыру Росино елді мекенінен келіп отыр. Олар іздеушілерді соғыс болған аумақтарға өздері бөледі. Шамамен онда ТМД елдерінен барлығы 2000-ға жуық адам келеді.

Іздеу шараларына облысымыздан барлығы 10 адам аттанса, оның төртеуі мұндай сапарға алғаш рет жүргелі тұр. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің «Ер Отан» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері де бар.

Ерлан Алданазаров, «Ер Отан» әскери-патриоттық клубының жетекшісі:
– Биыл бірінші рет екі баланы «Еске алу вахтасына»   Нижний Новгород облысына жіберіп жатырмыз. Бұл жіберудегі мақсатымыз – патриоттық тәрбиеге үлкен маңызы бар деп ойлаймын.

Соғыс аяқталғалы қанша жыл өтсе де, сүйектері жер қойнауына тапсырылмаған жауынгерлер із-түзсіз жоғалғандардың қатарында. Алғаш рет осындай жауапты сапарға аттанғалы тұрған Данагүл Ахметова ел қорғау жолында қаза тапқандарды жерлеп, ардагерлердің алдында аз да болса борышымызды орындаймыз дейді.

Данагүл Ахметова, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:
– Маған осындай ұзақ жолға шығу мүмкіндігі туғанына өте қуаныштымын. Барған жерімізде қызықты болады деген сенімдемін. Қорқыныш та жоқ емес, дегенмен қолымыздан бәрі келеді деп ойлаймын.

Солтүстікқазақстандық іздеу тобы қазба жұмыстарын сәуірдің 24-і бастап, Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында қорытындыламақ.

Әспет Әбдірешова