Қоғам

Тарихи ескерткіштерді көркейту шарасы



 

 Облысымызда республикалық және жергілікті маңыздағы 5 мыңнан артық ескерткіш бар. “Нұр Отан” партиясының бастауымен барлық тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру акциясы өтуде. Игі істің барысы жөнінде партияның облыстық филиалында өткен баспасөз маслихатында жарияланды.

Виктор Молодовский, “Нұр Отан” ХДП СҚОФ төрағасының орынбасары:
– Жыл сайын сәуірдің 18-інде ескерткіштерді қоқыстан арылтып, жуып-шайып айналасын қалпына келтіру жұмыстарына кірісеміз. Игі шара жыл сайын бүкіләлемдік тарихи орындар күніне орай ұйымдастырылады. Акция күз айларына дейін жалғасады.

Жас ұрпақтың игі шараға білек сыбана кіріскеніне 5 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында акцияға өңіріміздің 200 мыңнан артық белсенді тұрғыны атсалысқан. Тазалық жұмыстарымен қатар танымдық жиындар да ұйымдастырылады. Өткенсіз бүгін жоқ. Әсіресе кіндік қаны тамған жерінің шежіресін өскелең ұрпақтың білуі маңызды.

Самат Жакенов, “Нұр Отан” ХДП “Жас Отан” ЖҚ СҚОФ төрағасы:
– Өңір жастары акцияға барынша атсалысуға ынталы. Бұған қатысты шаралардың көбін өздері бастап жүр. Тарихи маңызды күндерді таза қалада қарсы алуға бел буған жастар бұл істі бір маусым ғана емес жылдың төрт мезгілінде өткізуді жөн санайды. Ең алдымен жастарды біріктіретін қайырымдылық шарасы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейді.  

Акция аясында өңіріміздегі бірде бір ескерткіш назардан тыс қалмайтын болады дейді ұйымдастырушылар.

Жеңіс Ермұқанов