Балалар

Студенттік еңбек биржасы

 



Студенттік еңбек биржасының ашылуы – жұмыс іздеген студенттерге үлкен көмек. Бүгінде мұнда келіп тіркелушілердің қатары күн санап артып келеді. Маляк Искандарова М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің 3-курсында оқиды. Сабақтан тыс уақытында еңбек етіп, ақша табу үшін ол жұмыс істеуді жөн көріпті.

Маляк Искандарова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
Жұмыс іздеп осы орталыққа келіп отырмын. Жастар үшін бұл мемлекет тарапынан жасалып отырған игі іс. Өйткені өзіңе лайық жұмыс іздеп компаниялар мен мекемелерге барып табаныңды тоздырмайсың.

Республика өңірлерінде студенттік еңбек биржасын құру туралы бастаманы ең алғаш болып Солтүстік Қазақстан облысы қолдаған. Яғни 18-ге толған барлық студенттер енді мүмкіндіктерін сынай алады. Жобаға қатысу үшін білім алып жатқан мамандықты меңгеру мен еңбек өтілінің болуы талап етілмейді. Мұнда келушілер алдымен сауалнама толтыруы тиіс.   Онда студенттің аты-жөні, жасы, оқитын орны мен қандай жұмысқа орналасқысы келетіні көрсетіледі. Қазіргі таңда биржа қорында 300-ге жуық бос жұмыс орны бар.

Нұрсаят Сәркен, СҚО «Студенттер альянсы » жастар ұйымының төрағасы:
Жастар өз уақытын тиімді пайдалануда және оқудан тыс уақытында жұмыс істеп, пайда табуда, 3-4 сағат болса да еңбектеніп, ақша тапса, біріншіден, өзіне көмек, екіншіден, ата-анасына көмек болады деген ойдамын.

Сондай-ақ еңбек жолын бастауға талаптанған жастарға орталықта мамандар кеңес береді. Жұмыс берушімен тіл табысу, өзін-өзі ұстау, ұжыммен дұрыс қарым-қатынас орнатудың мән-жайын ұғындырады.

Владислав Лукин, студенттік еңбек биржасының менеджері:
– Негізінен жастарды еңбекақы, жұмыс уақытына қатысты сұрақтар мазалайды. Әрине келісімшарт бойынша жұмысқа тұрғандардың еңбекақасының уақытында беріліп, құқықтарының бұзылмауын қадағалап отырамыз.

Орталыққа келушілердың саны жазда арта түсері анық. Себебі алдағы уақытта екі қолға бір күрек іздеген жастардың күшін қажет ететін құрылыс нысандары мен демалыс лагерьлеріндегі жұмыстар көбейе түспек. Мир көшесі,158 мекен-жайында орналасқан студенттік еңбек биржасы өз жұмысын 12-сәуір күні бастады. Осыған дейін мұнда барлығы 134 жас жұмысқа орналасуға ниет білдірсе, 46 студент жолдама алып үлгерген.

Әспет Әбдірешова