Балалар

“Жасыл ел” жұмысқа кірісіп жатыр



 

Оқу маусымының аяқталуына аз уақыт қалды. Жазда студенттер демалысқа шығады. Бұл уақытта шырылдауық шегірткенің күйін кешпей, табыс тапқысы келетін жастар жұмыс іздейді. «Болашақ бүгіннен басталады» атты акцияның көздегені жастардың бос уақытын пайдалы өткізуіне жол ашу, жұмыс табуларына септесу.

Арман Әлжанов, “Жасыл ел” облыстық штабының жетекшісі:
«Жасыл ел» бағдарламасына қатысатын студенттер негізінен ормандарда  жұмыс істейді. Орманшылардан 30 мың теңге және республикалық штабтан 10 мың қосылады.

Бастапқыда «Жасыл ел» жасағына негізінен ЖОО-ның студенттері енген болатын. Қазірде жұмыспен қамту орталықтары арқылы екі қолға бір күрек іздеген жастарды жұмысқа алу тәжірибесі қолданылуда. Бұл барлық санаттағы жұмыссыз жастарды қамтуға жол ашып отыр. Өңірімізде енді ғана құрылған студенттер еңбек биржасы 300-ге жуық бос орын ұсынса, «Жасыл ел» жасағы биыл да 170-тен астам жасты еңбектенуге шақыруда.

Мен өткен жылы да «Жасыл ел» бағдарламасына қатыстым. Бұл студенттер үшін өте жақсы мүмкіндік.
Біз бұл бағдарлама арқылы табиғатты қорғауға өз үлесімізді қосамыз. Сонымен қатар қаржылай қолдау болады.

«Жасыл ел» штабы өз жұмысын мамырдың 1-нен бастамақ. Ал басты жұмыс науқаны маусым-тамыз айларына жоспарланған.

Инеш Шоқақова