ТКШ

“Петропавл су” күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде


 

Су тұндырғыш құрылғыларға қазір лай су келуде. Судағы түрлі қоспалардың үлесі бір литрде 1,5 миллиграммнан аспауы тиіс, ал көктем мезгілінде бұл көрсеткіш 48 миллиграмға дейін жетіп отыр. Сондықтан бұл маусымда тазарту реагенттері барлық қуатта жұмыс істеп тұр дейді «Петропавл су» АҚ қызметкерлері.

Геннадий Кириллов, «Петропавл су» АҚ сумен қамту кешенінің бастығы:

– Қыс мезгілінде суды тазарту үшін алюминий күкірт қышқылының 200 кг қолданылса, қазіргі таңда 7-ден 12 тоннаға дейін қышқыл қосылуда. Аталмыш тазартқыш қалдықтар мен шөгінділерді барынша ұстап қалу үшін қолданылады. Сонымен қатар, полиакрилхлорид те қосылады.  

Полиакрилхлорид реагенті де лас ұнтақтарды ірілендіріп, судың тез тазаруына септігін тигізеді. Қышқылдар қосылған су 4 сағаттай тұндырылады. Осыдан кейін суды сүзу мен оған сұйық хлор қосу арқылы зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Қысқы мезгілге қарағанда, қазіргі таңда бұл реагентті де 100 кг көп қосады. Күнделікті тұрмыста қолданылатын судың сапасы зертханашылардың қатаң бақылауында. Көктем айларында, әсіресе, лайлану мәселесіне көп көңіл бөлінеді. Себебі, қар еріген шақта су құрамында бактериялар мен бейорганикалық заттардың үлесі артады. Бұл бактериаларды арнайы центрифугада тексереді. Алынған сынамалар 40 түрлі талапқа сай келуі тиіс. Ал сынама әр 2 сағат сайын алынып, сарапқа түседі.

Баян Канафин, «Петропавл су» АҚ орталық зертханасының меңгерушісі:

– Таза ауыз судың лайлылығы литріне 1,5 мг, түсі 20-дан аспауы тиіс. Су құрамындағы хлор мөлшері бір литрде 0,5-0,3 мг шамасында ғана болады. Біз тәулік сайын, маусым сайын осы көрсеткіштерді ұстанып келеміз.

Сонымен қатар, қаладағы жеке меншік сектордағы құдықтан ағатын судың сапасы да үнемі бақылауда. Орталық су жинақтау орындары апта сайын, ал құдықтардағы судың сынамасы тоқсанына бір рет аланып тұрады.

Әсел Күшенғалиева