Білім

Оқушылардың білім сапасы жаңаша бағаланады

 

 

 

“Оқу жетістіктерін сырттай бағалау” жүйесі білім беру қызметі сапасын анықтау мақсатында жүргізіледі. Бұл сын елімізде биыл алғаш рет өтетін болғандықтан, оған мектептердің 10 пайызы ғана қатысады. Ағымдағы жылы тестілеуден өңіріміздің 1645 оқушысы өтпек.

Ерлан Әбелдинов, СҚО білім саласындағы бақылау департаментінің директоры:
– 20-23 сәуір аралығында Солтүстік Қазақстанда оқушылардың “оқу жетістіктерін сырттай бағалау”  шарасы өткізіледі. Осы іс-шараға Солтүстік Қазақстаннан 49 мектеп жатады. Оның ішінде 36-сы  ауыл мектебі, 13-і қала мектебі.  

9-сыныптардағы “оқу жетістіктерін сырттай бағалауға” міндетті түрде қазақ тілі енеді. Қалған 3 пәнді уәкілетті органдар бекітеді. Олар жыл сайын өзгеріп отыруы мүмкін. Осы 3 пән емтихан барысында ғана белгілі болмақ.

Ерлан Әбелдинов, СҚО білім саласындағы бақылау департаментінің директоры:
-Осы іс-шараның ерекшелігі – оқушылар емтиханның басына дейін пәндерін білмейді, себебі оқушылар бар пәннен мемлекеттік стандарттарды орындауы керек. Осы іс-шараның мақсаты пәндерді оқыту деңгейін анықтау.

Тестілеу тапсырмалары жалпы білім беру бағдарламаларының негізінде жасалады. Әр пән бойынша 20 сұрақтан, яғни оқушылар 80 сұраққа жауап беретін болады. Бұл үшін оларға 120 минут беріледі. Тестілеудің нәтижесі 3 күннен кейін шығады.

Айдана Демесінова