Аптадағы маңызды жаңалықтар

Есіл ауданына жаңа әкім тағайындалды



 

Өңір жетекшісі алдымен Қызылжар ауданына қарасты “Әлти-Гарант” ЖШС соқты. Агроқұрылым алқаптарында ылғал жабу жұмыстары жүріп жатыр. Диқандар көктемгі егіс науқанына қызу дайындық үстінде.

Ақан Барлыбаев, “Әлти-Гаран” ЖШС жетекшісі:
– 3 күн жұмыс істеп жатырмыз. 700 Га жасадық. 2100 Га себетін жеріміз бар. Сабанды шөп қоймасына тасыдық. Артығын ұсатып, алқапқа шашып жібердік. 15 мамырда себуге шығамыз.

Бүгінде өңіріміздің 6 ауданының диқандары осылайша егіс алқаптарында ылғал сақтау жұмысын бастады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Осы аптада сынап бағанасы 30 градусқа дейін көтеріледі деп болжануда. Бұндай қолайсыз ауа райы жерді тез құрғатып жібереді. Сондықтан агроқұрылым жетекшілері бүгіннен қалдырмай ылғал жабу жұмыстарына кірісуі керек. Ертеңгі егіннің шығымына бұл шараның маңызы зор.   

Аймақ басшысы сондай-ақ сабан мен қураған шөпті жағудың өте қауіпті екенін тағы бір ескертті. Көктем келісімен бұған құлақ аспаған бірнеше ауданда өрт шығып, шығын келген.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Сабанды жағуға қатаң тыйым салынады. Жуырда осының кесірінен Шал ақын, Есіл, Аққайың аудандарында ірі өрт оқиғалары тіркелді. Бұған жол берген агроқұрылым жетекшілері мен орман шаруашылықтарының басшылары әкімшілік жауапқа тартылды. Орман, егістік алқаптарының айналасын құрғақ шөптен арылтып, ұдайы жыртып отыру керек.  

Кейін облыс әкімі Есіл ауданына ат басын тіреді. Онда Серік Біләлов “Аграхимснаб” ЖШС мал кешенінде болды. Шаруашылық өткен жылдан асыл тұқымды мал басын өсіруді қолға алыпты. Бұл мақсатта  қазақтың 100 ақ бас сиырларын алған. Серіктестік биыл жоғары өнімді зеңгі баба төлдерінің санын екі есеге арттыруды көздеп отыр. Аймақ басшысы Явленка ауылындағы абаттандыру жұмыстарымен де танысты. Аудан орталығын тазалықта ұстау шараларына 12 млн теңге бөлініпті. Көшелерді көгалдандыру үшін 1200 түп көшет отырғызылмақ. Серік Біләлов мұндағы №1 орта мектепке де соқты. Өткен жылғы ҰБТ түлектер 92 ұпай жинапты. Биыл екі оқушы «Алтын белгіге» үміткер. Мұнда шәкірттердің салауатты өмір салтын ұстануына үлкен мән беріледі. Ол үшін оқу мекемесінде бірнеше спорт секциялары ашылған. Мектептегі 488 оқушының 160 бокспен әуестенеді екен.
 Аймақ басшысы Есіл аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысты. Мұнда ауданның бұрынғы басшысы Асқар Бегмановтың басқа жұмысқа ауысуына орай Есіл ауданының жаңа әкімін тағайындау мәселесі қаралды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– ҚР Президенті әкімшілігінің келісімімен Есіл ауданының жаңа әкіміне Ерік Нұрақаевтың кандидатурасын ұсынамын. Оның еңбек өтілі мен білімі бұл лауазымды қызметті абыройлы атқаруға жеткілікті деп санаймын. Ауылшаруашылығы саласы мен экономист мамандықтары бойынша жоғары білімі бар. 14 жыл бойы осы ауданда қызмет етті.  

 Бүгінде Ерік Нұрақаев “Болатбек” ШҚ жетекшісі . Оған дейін Ақжар ауданының әкімі, облыс әкімінің  орынбасары, облыс орталығының басшысы қызметтерін атқарды. Халық қалаулылары жаңа әкімнің кандидатурасын бір ауыздан қолдады.
Кейін аймақ басшысы аудан активімен кездесіп, жаңа қызметке тағайындалған Ерік Нұрақаевқа бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Аудандағы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына ықпал жасау, салық базасын ұлғайту, бюджетті қатаң бақылау, еңбек өнімділігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, көктемгі егіс науқанына уақытында шығуды қамтамасыз ету керек. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласын алға тартатын тың жобаларды қолға алыңыз. Ол үшін ауданның мүмкіндіктері жақсы.

Ерік Нұрақаев өз кезегінде көрсетілген сенімді абыройлы атқарып, алдына қойылған міндеттерді мінсіз орындауға бар күшін жұмсайтынын айтты.

Ерік Нұрақаев, Есіл ауданының әкімі:
– Алда үлкен міндеттер тұр. Сондықтан бірлесе істер атқаруға шақырамын. Ауданның көрсеткіштерін төмендетпей еселеу керек. Сенімдеріңізді ақтауға тырысамын.  

Асқар Бегманов орнын басқан Есіл ауданының жаңа басшысын құттықтап, бастамасына сәттілік тіледі.

Асқар Бегманов:
– Бұл жер адамды тәрбиелейтін жер. Үлкен тәрбие алдым. Сізге үлкен жетістіктер тілеймін, жұмысыңыз жемісті болсын. Команда өте мықты, өз жұмыстарын жақсы біледі.  

Ерік Нұрақаев жаңа лауазымына 17 сәуірден кірісіп кетті.

Жеңіс Ермұқанов