Қоғам

Әскери қызметтегі қыз-келіншектер


 

Людмила Харламова отбасы ұйытқысы болып қана қоймай, 20 жылдай әскери қызметті атқарып жүр. Оның әскери саланы таңдауына өмірлік серігі ықпал еткен. Күйеуі әскери қызметші болғандықтан Людмила да өз өмірін осындай қиын әрі жауапкершілігі мол қызметпен байланыстыруға бел буыпты.

Людмила Харламова, 6637 әскери бөлімінің құпия бөлімшесінің хатшысы:
– Жас кезімде, әскерге келмей тұрып ұялшақ, өз өзіме сенімсіз болатынмын. Әскерге келгеннен кейін өзгердім. Әскер үлкен сын десе де болады. Егер адам бұдан өтсе, ол кез келген шешімді дұрыс қабылдап, өмірінде қателік жасамайды. Абыржымайды, адамның жауапкершілігі артады.

6637 әскери бөлімнің құпия бөлімшесінде 5 адам қызмет етеді. Олардың қызметі аса жауапты. Дегенмен Людмила олқылыққа жол беріп көрген емес. Әріптестері оның адал әрі жемісті жұмыс атқаратындығын айтып отыр. Тығырыққа тіреліп, көмек сұраған кезде ол әрдайым қол ұшын беруге әзір дейді әріптестері.

Салтанат Әбілмәжінова, 637 әскери бөлімінің құпия бөлімшесінің аға хатшысы:
-Людмила Николаевнаны тек жақсы жағынан ғана сипаттай аламын. Ол жауапкершілігі мол, өз ісіне адал жан. Сол кісімен кеңесіп отырамыз, әрқашан көмектесуге әзір.

Спорт әскери қызметтің ажырамас бөлігі дейді Людмила Харламова. Сондықтан ол үнемі спортпен шұғылданып, денесін шынықтырып тұрады.

Людмила Харламова, 6637 әскери бөлімінің құпия бөлімшесінің хатшысы:
-Спорт пен әскери қызмет тығыз байланысты деп ойлаймын. Әскерилер мейлі, ер адам болсын, мейлі әйел адам болсын, барлығының дені сау болып, төзімділік қасиеті мықты болуы шарт.

Людмила Николаевна екі ұл, бір қызды өмірге әкелді. Үлкен ұлы ата-анасының жолын қуып, әскери қызметті таңдаған. Қызым да осы мамандықты таңдаса, оның шешімін қуана қабылдаймын дейді Людмила.

Айдана Демесінова