Бизнес және экономика

Статистика департаменті алғашқы тоқсанды қорытындылады


 

Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында облыс халқының саны 582 900 адамды құрады. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 1 пайызға кем. Бірінші тоқсанның алғашқы 2 айында 1379 сәби дүниеге келіпті. 2012 жылдың қаңтар-ақпан айларында жалдамалы жұмысшылар саны 2,7 пайызға ұлғайған. Биыл өңірдегі орташа жалақы 23 пайызға өсіп, 63 988 теңгеге жетті. Ең жоғарғы еңбекақы бұрынғыдай қаржы және сақтандыру салаларында.

Гүлзиян Ізбасова, статистика департаменті бастығының орынбасары:
Ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында жалақы 37,5 мың теңгені құрады. Білім беру жүйесі қызметкерлерінің жалақысы 27 пайызға өсті және 58 мың теңгені құрады. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 37 пайызға өсіп, 70 мың теңгені құрады.

Жалпы Солтүстік Қазақстан облысы орташа еңбекақы көрсеткіші бойынша елімізде соңғы орында. Өңірдегі орташа айлық республика деңгейінен 30,7 пайызға төмен. Статистикалық мәліметтерге сәйкес инфляция деңгейі 0,3 пайызды құрады. Бұған азық-түлік тауарларының 1,6 пайызға қымбаттауы әсерін тигізді. Облысымызда қант және кондитер өнімдері, жеміс-көкөніс, май бағаларының өсуі орташа республикалық көрсеткіштердің алдында. Алғашқы 3 айда негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 2 есеге артып, 8,7 млрд теңгені құрады. Кедендік одақтың арқасында тауар айналымы 31,5 пайызға өскен. Баспасөз мәслихатында экономикамыздың маңызды саласы ауылшаруашылық өнімдері жайлы сөз қозғалды.

Гүлзиян Ізбасова, статистика департаменті бастығының орынбасары:
– Облыста шамамен 12,5 млрд теңгені ауылшаруашылық өнімдері құрайды. Оның негізгі үлесі мал шаруашылығына келеді, 2012 жылғы қаңтар-наурызда  99 пайызды құрайды.

Статистика департаментінің мәліметіне қарағанда облысымыз өндіріс өнімінен республика бойынша 4 орында.

Айдана Демесінова