Мәдениет

Сағаттар көрмесі



 

Көрмеге 19-ғасыр мен 20-ғасырдың І жартысындағы уақыт құралдарының түр-түрі қойылған. Ертеде сағат болмай тұрғанда ата-бабаларымыз күннің қозғалуына қарап, уақытты біліп отырыпты. Бұдан кейін құм сағаттары шыға бастады. Жұртшылық назарына қабырға сағаттарының бірнеше түрі ұсынылды. Қол, қалта сағаттарын да кездестіруге болады. Көрме Петропавл қаласының 260 жылдығына орайластырылып отыр. Тарих қойнауында қалған күндерден сыр беретін сағаттар мұражайдың қоймасында сақталыпты. Көрмені ұйымдастыру үшін мұражай қызметкерлері сағаттарды тазалап, біраз жұмыс жасаған.

 Әлия Үсейінова, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:
-Бұл көрмеде ежелгі сағаттардың фотосуреттері де берілген.
Мысалы, күн сағаттары. Күн шыққан кезде күн сағаттарының тілін шығысқа қарай қаратып қойған екен. Яғни күннің көзі батысқа дейін жүрген кезде уақытты көрсетіп отырған. Күн сағаттар жерге орнатылған екен. Және күн сағаттарын бақылып отыратын арнайы адамдар болған.

Желден жүйрік уақыттың жүрісін сағатқа, минутқа, секундқа бөлетін өлшеу құралдарына осыдан 3 ғасыр бұрын тек қалталы адамдардың ғана қолы жеткен екен. Мәселен,   нәзік жандарға арналған қалта сағаттары 16-ғасырда пайда болған. Бұрымдылар көйлектерінің төсіне қалта тіктіріп осы уақыт құралдарын салып жүрген екен.

Әлия Үсейінова, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:
-Ерте кездегі антикалық сағаттар.
Сонымен қатар орта ғасырлардағы еденге қойылатын сағаттар. Не болмаса оттың жанына қойылатын сағаттар берілген. Солардың ішінде көптеген сағаттар атақты фирмаларда жасалған. Біздің мұражайымызда құнды жәдігер болып табылатын неміс фирмасының еден сағаттары берілген.

Бұл жерден әлемге әйгілі Генрих Мозер, Павел Буре, Густав Беккердің фирмалық сағаттарын кездестіруге болады. Көрмені тамашалауға келген жастар уақыт құралдары жайында көп мағлұмат алдық дейді.

 –Бүгінгі көрме маған өте ұнады. Аса көне сағаттар ілініпті. Мұндай құнды жәдігерлер кез-келген жерде кездесе бермейтіні анық. Маған ұнағаны әйелдерге арналған қалта сағаттары.
Бүгінгі көрме менің көңілімнен шықты. Себебі көне сағаттардың шығу тарихы жайында көп нәрсені біліп алдым.  

Мұражайдағы сағаттар 1924 жылдан бастап жиналған екен. Көрме қала күніне дейін жалғаспақ.

Гүлбану Ахметова