Мәдениет

Сафуан Шәймерденов шығармашылығына арналған сайыс

 

Абай, Мағжан оқуларының жүлдегері Бахыт Тасмағамбетова жерлес жазушының «Мезгіл» прозасынан үзіндіні нақышына келтіріп оқыды. «Көркем сөздің жұлдызы» аталымында оқушыларға – тіл табиғатын сақтау, сахнада өзін ұстай білу және дайындап әкелген шығармасын толық жатқа оқып беру талабы қойылды. Бахыт бұл тапсырманы жақсы орындап шықтым дейді.

Бахыт Тасмағамбетова, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы мектеп-лицей оқушысы:

– Сафуан Шәймерденовке арналған сайысқа бірінші рет қатысып отырмын, көбінесе, Абай, Мағжан оқуларына қатысамын. «Мезгіл» повесінен үзіндіні бір ай көлемінде жаттап дайындадым. 

Жалпы мектеп оқушылары 3 кезең бойынша сынға түсуде. «Сафуан әлеміне саяхат» эссе жазу аталымына қатысқан сайыскерлер драматург жайлы қалам тербесе, «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зерделік байқауға қатысушылар жазушының өмірі мен шығармашылық мұрасы жайында сұрақтарға жауап берді. Әл-Фараби мектеп-лицейінің оқушысы Алина Сербаева жазушы шығармашылығын сүйіп оқитын жастардың бірі. Бүгінгі білім додасында ол жүлделі орыннан үмітті.

Алина Сербаева, Әл-Фараби мектеп-лицейінің оқушысы:

Сайысқа Сафуан Шәймерденовтің өмірі мен шығармашылығын дайындап әкелдім. Ол туралы көп мақалалар оқыдым.

Бала күнінен әдебиетке құмартқан Сафуан Шәймерденов Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтерден тәлім алды. Солардың кітаптарын оқып, жазушы болуға талпынды. Туа біткен дарыны мен еңбегі зая кетпеді. Психологиялық прозаның хас шебері, сөз зергері Сафуан Шәймерденов қазақ әдебиетінің дамуына қомақты үлес қосты. Жазушы қалдырған бай мұраны бүгінгі ұрпаққа жеткізуде байқаудың берері мол дейді ұйымдастырушылар.

Зухра Ауғанбаева, қалалық білім бөлімінің әдіскері:

-Аталмыш іс-шараға  Петропавл қаласы бойынша қазақ мектептері қатысуда. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларды Сафуан Шәймерденов шығармашылығы арқылы ұлтжандылыққа, елжандылыққа, отансүйгіштікке, жалпы адамгершілік қасиетке тәрбиелеу болып табылады.

Жарыс қорытындысы бойынша мәнерлеп оқуда Қожаберген жырау атындағы № 6 мектеп оқушысы Азамат Тілегенов үздік деп танылды. Нұрлайна Тілеуқұлова «21 ғасырдың көшбасшысы» атанса, “Сафуан әлеміне саяхат” аталымында Әлия Хамзина топ жарды. Екі жеңімпаз да қалалық классикалық гимназия шәкірттері. Қатысушылар естелік сыйлықтар, дипломдармен марапатталды.

Әсел Күшенғалиева