Аптадағы маңызды жаңалықтар

Оралмандар мәселелері талқыланды

 

 

Нұрлы көш” бағдарламасы аясында Бәйтерек ауылында екі жылда 240 үй салынған. Биылғы жылы 10 баспананың құрылысы аяқталады. Бүгінде ауылда туған елге оралған 168 отбасы тұрып жатыр. Бәйтеректегі тұрғын үйлердің дені “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” арқылы республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға салынған еді. Ендігі уақытта бұл баспаналар коммуналдық меншікке өтпек.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Кесте бойынша үй иесі банкпен келісімге тұрып, белгілі бір уақытта қаржыны қайтаруы тиіс болатын. Енді Үкімет қаулысы шықты, оған сай бұл үйлер облыстық әкімдіктің коммуналдық меншігіне өтеді. Біз бір ай көлемінде бұл үйлерді қабылдаймыз. Сосын сіздер тек коммуналдық қызмет үшін ғана ақы төлейсіздер. Кейін тұрғындарды санаттарға бөліп, әрбірі бойынша тиісті шешім қабылдаймыз.

Сөйтіп, тұрғын үйлер коммуналдық меншікке өткеннен кейін баспанаға қатысты барлық түйіткілдерді шешеміз деді өңір басшысы. Мұнымен қатар ауылда су мәселесі өзекті. Электр желісін тарту керек. Бұл мәселелер көп ұзамай шешімін таппақ. Бәйтерек тұрғындары ауылда өз істерін ашып, дөңгелетуге ниетті. Кездесуде олар облыс әкімінен бірқатар түйіткілдерді шешуде көмек сұрады.

-Маған 10 гектардай жер бөлінсе. Өткен жылы көкөніс қоймасын салдым. Енді осы істі кеңейткім келеді. 8 отбасы айналысамыз.

Мұнымен қатар ауыл тұрғыны қоғамдық монша, шаштараз, жастар үшін орталық салғысы келеді екен. Бұл үшін де жер керек. Өңір жетекшісі тиісті ведомстволар басшыларына мәселені бір апта ішінде шешуді тапсырды. Кездесуде шағын кәсібін ашу үшін несие ресімдей алмай жүрген тұрғындар облыс әкіміне өз өтініштерін жеткізді. Жұмыс таба алмай жүргендер де жәрдем сұрады. Бұл орайда “Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасы аясында еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандық меңгеруге болады. Әрі Петропавлдағы зауыттар мен кәсіпорындарда жұмысқа орналасу мүмкіндігін ұсынамыз деді облыс әкімі. Ауыл тұрғындары көлік мәселесін де көтерді.

 -Бізді көлік мәселесі мазалайды. Ауылдан алғашқы көлік жеті жарымда шығады. Ал жұмыс сегізде басталады. Үлгере алмаймыз. Қалада оқитын балаларымызға да қиын.

Бұл мәселе де бақылауға алынбақ. Мұнымен қатар ауылда жылдамдықты шектейтін белгілер орнатылады. Кездесу соңында облыс әкімі ведомство басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Мәселелер маңызды. Сумен жабдықтау, электр энергиясына қатысты негізгі түйіткілдерді көп ұзамай шешеміз. Өзге мәселелерді де қатаң бақылауға аламыз. Осы күні ауылда 300 орынға шақталған мектеп салу үшін жобалау-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Келекшекте балабақша, сауда орталығы тұрғызылады. Міндеттер көп, бірлесе жұмыс жасау қажет.

Тағы бір айта кетерлік жайт, ауыл тұрғындарына облыстағы шаруашылықтар да көмектесуге дайын. “Зенченко и к” командиттік серіктестігінің басшылығы 5 мың тонна тұқымдық картоп, ал Бескөл құс фабрикасының жетекшісі 2 мың үйрек балапанын тегін бермек.

Айымгүл Әбілева