Мәдениет

«Звонницаның» мерейтойы

Арнайы музыкалық білімдері жоқ “Звонница” ұжымына бас, альт, сопрано, тенор кәсіби дауыстарды нақышына келтіріп салу еш қиындық тудырмайды. Сахна саңлақтары бұның бәрін бір әуенді әсем сазға үндестіріп жүрген нағыз шеберлерге айналған. Әскерде жүргенде ротаның ән бастаушысы болған Александр Комогорцев кейіннен әуестігін шыңдамақ болып 1992 жылы құрылған казак хорының алғашқы солисі атаныпты. Ол бүгінге дейін ұжымнан қол үзген жоқ.

 

Александр Комогорцев:
– Мен бұл ұжымға еріксіз байландым. Мұнда келгелі тынысым кеңейіп, дыбыстарды жоғары алатын қабілетім ашылды. Ән шырқаған сайын жаным жай тауып, жасара түскендей керемет сезімге бөленемін.  

Осылайша бір-бірін қуаттандыра түсетін “Звонница” хорының құрамы аса өзгере қоймаған. Негізгі бөлігі әуенді де әуезді кештерді 20 жыл бойы әлі бірге ұйымдастырады екен.

Капитолина Левлюх:
– Барлық туған күндермен атаулы мерекелерді бірге өткізу жақсы дәстүрге айналды. Бір сөзбен айтқанда ұжымның әр мүшесі жан-жолдасым. Қуанышыма бірге шаттанып, қайғыма ортақтасып сенім артатын да осы жандар. Әлі күнге дейін нота танымаймыз. Десе де әндеріміз кәсіби топтардан кем шықпайды. Бұның бәрі сүйікті әуестігімізге жанымызбен толықтай берілуіміздің арқасы.  

Осылайша өнер әлемінде қалыптасқан ұжымға жуырда Жұмабек Желдібаевтің баритон  дауысы қосылды. Қалалық мәдениет үйінің суретшісін мұндағы дайындықтарда шырқалатын әсем әндер баурап, тағы бір қабілетінің ашылуына жол ашқан. 

Жұмабек Желдібаев:
– «Звонницаның» дауысын естіп жүрдім. Кабинеттері менің шеберханамның қасында. Бұл кісілер мені шақырды, бізге қосылып айтсаңыз деді. Жарты жылдан бері келіп жүрмін. Ән айтқан жүрегіме, өміріме сән береді. Ән айтқанда қиындықтар да жеңілдей түседі.  

“Звонница” казак хорына осымен 15 жыл бойы Виктор Подолян жетекшілік етіп келеді. Ресейлік музыка академиясы түлегінің бастауымен өнер ұжымы талай байқаулардың лауреаты атаныпты. Бүгінде  хор көршілес елдерге де танымал. Репертуарларында 60-тан астам украин, орыс халқының әндері бар.

Виктор Подолян, “Звонница” казак халықтық хорының жетекшісі:
Біздің әндердің тақырыбы әр алуан, әр әннің жанры да өзіне бөлек. Ең бастысы ол ежелгі халық әндері. Ең алдымен дәстүрімізді жоғалтпай, жаңғыртуға тамаша мүмкіндік жасап отырған қазақ еліне алғысымыз шексіз. Біздің ұжым да отанымыздай бірлігі жарасқан түрлі ұлт өкілдерінен құрылған.

Өңіріміздің қоғамдық-мәдени өмірімен біте қайнасқан өнер ұжымы жыл сайын кемінде 20 концерт береді екен.

Жеңіс Ермұқанов