Бизнес және экономика

Кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту

 

 

Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында облыстағы өндірістік кәсіпорындар 26,5 млрд. теңгенің тауарын шығарған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға артық. Қайта өңдеу өнеркәсібінде де өсім байқалады. Дегенмен кейбір аудандарда бұл көрсеткіш төмендеген.

Тотыкамал Құлжанова, СҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы:
-Жамбыл, Шалақын, Уәлиханов аудандары көш соңында. Бұған қоса Уәлиханов ауданында үдемелі индустриялық-инновациялақ даму бағдарламасы тиісті деңгейде жүзеге асырылмай жатыр. Мұнда индустриалдандыру картасы аясында бір де бір жоба жүзеге аспаған.
Мамлют ауданында да жағдай осындай.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыруға да баса назар аудару қажет. Биылғы жылы облысқа республикалық бюджеттен 928 млн. теңге бөлініп отыр. Осы күні 31 өтініш мақұлданған. Бұған қоса ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға да мүмкіндік мол. “Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасының екінші бағыты бойынша биыл 600 млн. теңге қарастырылған. 400 адамға жеңілдетілген шартпен несие берілмек. 22 млн. теңге ниет білдіргендерді кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға жұмсалады деп көзделген. Ендігі міндет – бұл мемлекеттік бағдарламалардың зор мүмкіндіктерін тұрғындарға толыққанды жеткізу болып отыр. Бұл жұмыс өңірде сылбыр жүріп жатқан көрінеді. Сондықтан мамырда арнайы ақпараттық-насихат тобы аудандарға шықпақ.

Қайрат Бекенов, облыс әкімінің орынбасары:
Бүгінгі күнгі мәселе – бұл халықтың мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктерді толыққанды білмеуі. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін жұмыс тобы аудандарға шығады. Ендігі міндет – қызығушылық танытқан бүкіл адамдарды жинау керек. Оларға мемлекеттік қолдаудың барлық тетіктері толық жеткізіледі. Бұл жұмыс қатаң жүргізілуі тиіс.

Жиында аудандар өкілдері өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыс жөнінде есеп берді. Отырыс соңында Қайрат Бекенов алда тұрған маңызды міндеттерді айқындап, жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берді.

Айымгүл Әбілева