Инсулинмен емдеудің жаңа әдісі

Денсаулық сақтау

15:12 17 Сәуір 2012

Қант диабетін емдеуге арналған инсулинді үздіксіз теріасты арқылы ағзаға тарату жүйесін пайдаланудың пилоттық жобасы өткен жылы басталған болатын. Кейбір өңірлердегі балалар оның артықшылығын аңғарып үлгеріпті. Құрылғы 5 жастан 15 жасқа дейінгі балаларға арналып жасалған.

Гүлмира Әбдуахасова, ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының бөлім меңгерушісі, Астана қаласы:
Жалпы инсулин помпасын 2009 жылдан қолдана бастадық. Қазіргі таңда бұл құрал республика бойынша 217 балаға берілді. 2011 жылдан бері барлық қант диабетіне шалдыққан бүлдіршіндерді аталмыш құрылғымен қамту жобасы қолға алынды. Соның аясында СҚО-на келіп отырмыз.

Инсулин помпасының басты артықшылығы – ағзадағы қант деңгейін үнемі бақылайтындығында. Мұның арқасында күніне бірнеше рет дәрі егу қажеттілігі туындамайтын болады. Қазіргі таңда өңірімізде қант диабетіне шалдыққан 49 бала есепте тұр. Оның арасынан іріктелген 26-сы инсулин помпасына ие болмақ.

Татьяна Зальцман, облыстық балалар ауруханасының эндокринолог-дәрігері:
Бұл помпаны алатын балаларды арнайы комиссия іріктеді. Сырқаты ауыр балалар бірінші кезекте ие болмақ. Бүгін 7 балаға беріледі. Шамамен 2 ай ішінде қалған 19 бүлдіршінге инсулин помпасын орнату көзделуде.

Азамат Ысқақов инсулин помпасын алу үшін Уәлиханов ауданынан келіпті. Ол тәулік бойы жанынан тастамайтын құрылғыны қолдану бойынша маманның берген кеңесін мұқият тыңдауда. Ата-анасы Азаматтың бұл құралды асыға күткендігін айтады.

Маржан Ысқақова:

Баламыз 2007 жылдан қант диабетімен ауырып, емделіп жүрміз. Күніне 4 рет инсулин алады. Бүгінгі күнді күттік. Аппарат дозаны дәл өлшейді деп ойлаймын.

Бұл құрылғы дұрыс пайдаланған жағдайда 10 жыл бойы қызмет етпек. Тек керек-жарақтарын ауыстырып отырса болғаны.

Инеш Шоқақова