ТКШ

Жастар тазалыққа шақырды


 

Бұл – қаладағы ең лас аулалардың бірі. Тау болып үйілген қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес. Тазалық орнатуға шыққан жастар, ауланың ластануына себепкер болған үй тұрғындарын сенбілікке шақырып үнпарақтар таратты. Бірақ ортақ іске үн қосатын адам табылмады. Қолдарына тырнауыштары мен сыпырғыштарын алған жастар ауланы қоқыстан аршуға кірісіп кетті.

Нұрсаят Сәркен, СҚО «Студенттер альянсі » жастар ұйымының төрағасы:
Бүгінгі сенбіліктегі ең басты мақсатымыз – осы ауланың тұрғындарын өз аулаларын тазалықта сақтауға, қоқыстардан тазартуға үндеу тастау. Себебі қазіргі таңда көбі аулаларды таза ұстамайды. Жинамайды.

Алпыс пәтерлі үйден жастар ұйымдастырған сенбілікке тек бір ғана отбасы үн қосты. 78 жастағы Тамара әжей өзінің қолынан келмегесін, немересін көмекке шақырған.

Тамара Теренина, үй тұрғыны:
Мен мына үйде көп жылдан бері тұрамын. Негізінен, мұндай сенбіліктерге көбінесе жасы үлкен, егде тартқан адамдар ғана шығады. Ал жастар жағы құлықсыз. Оның үстіне осы аумақтың қоқысы да уақытында шығарылмайды.

Өз аулаларын тазартуға атсалысар деген оймен бірнеше пәтер есігін қақтық. Дегенмен сенбілікке шығуға ниет білдіргендер көрінбеді.  Жалпы тазалық жұмыстары бір ай көлемінде жалғаспақ.

Әспет Әбдірешова