Селекторлық кеңесте ӘКК қызметі туралы сөз болды

Билік

16:05 16 Сәуір 2012

Әр облыста әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құрылғалы бірталай уақыт өтті. Осы аралықта әлеуметтік-кәсіпкерлік  бағыттағы  ұйымдар ауыл шаруашылығы, өңдеу, машина жасау, жер қойнауын пайдалану, жұмыспен қамту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инфляцияны тежеу және халықты баспанамен қамтуға өз үлестерін қосуда. Алайда,   корпорациялар қызметінде кемшіліктер  жоқ емес. Селекторлық жиында алдымен инвестициялық белсенділіктің төмендігі айтылды. Бүгінде корпорациялар жаңа жобаларды іздестіруі қажет. Сонымен қатар, осы күнге әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың стратегиясы, атап айтсақ, болашақ даму жоспары құрылып, бекітілмепті. Ұйымдарда ұжымдық басқарудың заман талабына сай стандарттарын енгізу міндеті де тұр. Әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациялардың алдына бірқатар міндеттер қойылған соң, әр өңір селекторлық байланыс арқылы атқарылған істерін баяндап, жоспарларымен бөлісті.

Алексей Чен, “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” АҚ-ның басқарма төрағасы:
-Облыста “Солтүстік” корпорациясымен бірлескен 24 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. 12 жоба агроқұрылым саласында. Жер қойнауын пайдалану бағытында 10 келісім-шарт жасалып, 208 млн теңге инвестиция тартылды. Корпорацияның жанынан тұрақтандыру қоры жасақталып, 5848 тонна әлеуметтік маңыздағы азық-түлік өнімдері сатып алынды. Сонымен қатар корпорация “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту”, “Жұмыспен қамту- 2020”, “Өнімділік- 2020” бағдарламаларын жүзеге асыруға атсалысуда. Алдағы уақытта 400 бастан асыл тұқымды ірі қара өсіретін 8 репродукторлық ферма ашу жоспарда бар.
 
Селекторлық жиында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметов әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған ұйым болғанына қарамастан, осы уақытта негізінен бизнеске басымдық берілуі керектігін ескертті. Әр өңірдегі корпорация ең алдымен инвестор тартуы тиіс. Мемлекет бұдан әрі де әлеуметтік-кәсіпкерлік бірлестіктерді қолдауын жалғастырмақ. Тек жағалай шығынға батпау үшін бүгіннен әр корпорация өз стратегиясын бекітіп, жұмыс бағытын анықтап алуы тиіс. Жиын соңында бұл бағыттағы өз тапсырмаларын облыс әкімі де берді.

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
-Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың жетекшілігімен апта сайын бұл мәселеле бойынша жедел кеңестер өткізілуі тиіс. Әсіресе жылыжайдағы, ашық жерде көкөніс өсіру және тамшылатып суару технологияларына басымдық берілуі тиіс. Сонымен қатар мал шаруашылығын дамыту жайын назардан тыс қалдырмау керек.
 
Өңір басшысы тұрақтандыру қорына сатылып алынған картоп пен пиязды тез арада сату міндетін қойды. Сонымен қатар  «Солтүстік» корпорациясына жеке көкөніс сақтау қоймасын салуды тапсырды.

Гүлмира Шоқтыбаева