ТЖ

Өрт қаупі жоғары

 

 

Былтыр орманды алқаптар 2 рет үлкен өртке оранған. Биыл да осындай апат орын алмас үшін орманшылар сақтық шараларын ерте қолға алған. Дегенмен соңғы үш күннің ішінде Аққайың ауданында 5 адам әкімшілік жауапқа тартылыпты.

Виктор Раковский,”Аққайың орман шаруашылығы” ММ директоры:
– Сәуірдің 10-ынан «қауіпті маусым» басталды. Ауа температурасы көтеріліп, былтыр алқапта қалған шөптер құрғап кеткен. Егер темекінің шоғы немесе оттық түсе қалса, әп-сәтте жанып кетуі мүмкін. Біз тұрған орманға жақын жердегі алқап тілсіз жаудың құрбаны болған. Орманда өрт қауіпсіздігін сақтау қажет. Сондықтан да бақылау жұмыстарын күшейтіп жатырмыз.

Астраханка селолық округінде  орманды алқап 1996 жылы отқа оранған болатын. Тілсіз жау жалмаған алқапқа қайтадан  көшеттер  отырғызылды. Қарағайлар қазір жайқалып, өсіп келеді. Мамандар орманды толық қалпына келтіру үшін жүздеген жыл керек дейді. Сондықтан орманды өрттен сақтау маңызды. Облысымызда соңғы 3 күннің ішінде өрт қауіпсіздігін елемегендерге 15 хаттама толтырылған. Жалпы айыппұл сомасы 220 мың теңге.

Сәуле Сүлейменова, СҚО табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқарамасының бөлім бастығы:
–  Біздің мемлекеттік мекеменің қарауында орманды алқаптың 5 пайызы бар. Биыл қауіпті маусым бұрынғыға қарағанда ерте басталды. Өрт салдарынан орманда тіршілік ететін өсімдіктер және жан-жануарлар да зардап шегеді. Орманды бірден қалпына келтіру оңай емес. Ол үшін көп жылдар қажет.

Өңірімізде 12 орман шаруашылығы бар. Табиғат сақшылары шөп күйдіріп жатқандардың бәрін тексеріп, бақылап отыру мүмкін емес дейді. Сондықтан, шаруашылықтар сақтық танытып, жауапкершіліктерін түсінбесе, қоршаған ортаға келетін залал әлі де еселеп өсуі мүмкін.

Гүлбану Ахметова