Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық ауруханадағы жаңа жабдықтар


 

Облыстық аурухананың хирургы кезекті ота жасауға дайындық үстінде. Оның алдында науқастың аналық безіндегі сары суды алып тастау міндеті тұр. Бұл жолы дәрігер мұны видеоэндохирургиялық кешеннің көмегімен жүзеге асырмақ. Әйелдің құрсағында жасалған тілімнің біріне трубка арқылы камера, және жарықтандыратын шам енгізеді. Ал екіншісінен қажетті құрал-жабдықтарды енгізіп іске кіріседі. Мұның барлығын экраннан көруге болады.

Владимир Русов, облыстық аурухананың гинекология бөлімінің меңгерушісі:
– Лапароскопиялық, эндоскопиялық оталарды жасағанда бастысы бізге қажетті мүшені анық көру. Бұл жабдықтың артықшылығы да осы. Трубка арқылы енгізілген камера монитордан барлығын үлкен дәлдікпен көрсетеді. Бұл құрылғы науқастарға да тиімді. Өйткені олар тез жазылып кетеді, әрі көп дәрі де қажет емес.

Жаңа ультрадыбыстық зерттеу құрылғысы да лизингілік жүйе бойынша сатып алынды. Бұл да өңірде медицинаның алға қадам басуына септесті. Егер бұрын қалқанша безі ауруына шалдыққан солтүстікқазақстандықтар Астана не Ресейдің Омбы қалаларына пункция жасауға барса, бүгін мұны облыстық ауруханада да жасауға болады.

Владимир Кряжок, облыстық аурухананың ультрадыбыстық зерттеу дәрігері:
– Бұрынғы жабдық та жаман болған жоқ, дегенмен мына құрылғыны кеңірек пайдалануға болады. Қазір хирургтармен бірлесіп, пункция енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл өте тиімді.

Емдік-диагностикалық құрылғыларды лизингілік жүйе бойынша сатып алу – «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламаның бір бағыты. Облыстық аурухана мұның көмегімен құны 65 млн теңгеден астам медициналық жабдықтарды сатып алып, оны пайдаланып жұмыс істеуде. Алдағы уақытта да осы жүйе бойынша емдеу мекемесінің медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуды көздеп отыр.

Юрий Белоног, облыстық аурухананың бас дәрігері:
– Бүгінгі күні Денсаулық сақтау министрлігінде біздің 6 өтінішіміз қаралуда. Лизинг жүйесі бойынша 150 млн теңгеден астам медициналық аппараттарды сатып аламыз деп үміттенеміз.

Облыстық аурухана лизингті пайдаланып, медициналық жабдықтарды сатып алған алғашқы емдеу мекемелерінің бірі.

Айдана Демесінова