Балалар

Жас фотосуретшілер көрмесі


 

Көрме М.Жұмабаев ауданындағы “Булаевец” кинофотостудиясының 40 жылдығына орай ұйымдастырылды. Осы уақыт аралығында студияда талай шәкірт фотосурет түсіру өнерін меңгерген.
9 сынып оқушысы Надира Шерматова “Булаевец” кинофотошеберханасында ашылған “Юность” балалар студиясында жарты жылдан бері фотосурет пен бейнекөріністі түсірудің қыр-сырын үйреніп жүр. Осы уақыт ішінде 150-ден астам сурет пен 2 үлкен бейнекөрініс түсірген. Бүгінгі көрмеге Надираның жұмысы да қойылыпты.

Надира Шерматова, М.Жұмабаев аудандық “Булаевец” кинофотошеберханасының әуесқой фотосуретшісі:
– Өзімнің бір фотом қойылды. Бұл әрине көп емес. Бірақ оған да қуаныштымын. Булаевта көптеген үйірмелер бар. Бірақ та осы фотоүйірменің бір ерекшелігі видео түсіруді қоса үйренеміз.

“Дебют” көрмесі жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Онда “Булаевец” кинофотостудияның жетекшісі Геннадий Чаплыгиннің шәкірттерінің туындылары қойылады. Салтанат Сапарбаеваның студияға келіп жүргеніне 2 ай ғана болыпты. Салтанат табиғат пен жан-жануарларды суретке түсіргенді ұнатады. Бүгінгі көрмеге оның 3 фотосуреті қойылған. Әуесқой фотосуретші болашақта мамандығымды осы саламен байланыстырсам дейді.

Салтанат Сапарбаева,”Юность” балалар студиясының әуесқой фотосуретшісі:
– Менің 3 суретім көрмеде тұр. Ол мен үшін қуанышты. Және мен фотофильм істедім. Ол біздің М.Жұмабаев ауданындағы Булаев қаласында “Булаев көктемі” деген фильм шығардық. Сонда біз 50-ге жуық фотодан фотофильм жасадық. Оны мен түсіргеніммен, көмектескен Геннадий Васильевич.

Бүгінгі көрмеге балалардың 150-ден астам фотосуреттері қойылған. “Булаевец” кинофотостудиясының жетекшісі Геннадий Чаплыгин дарынды шәкірттерін мақтан тұтады. Себебі олар ұстаз үмітін әрдайым ақтап келеді. Мәселен, Бүкілодақтық әуесқой фотосуретшілер көрмесінде оның 5 шәкіртінің фотосуреті жоғары бағаға ие болған.

 Геннадий Чаплыгин, М. Жұмабаев аудандық “Булаевец” кинофотостудияының жетекшісі:
-Бүгінгі көрмеге қойылған фотосуреттерді оқушылар қыркүйек айынан бастап түсірген. Адам өнердің бұл түріне қызығушылық танытса, оның қыр-сырын меңгеріп алады. “Дебют” көрмесінің мақсаты – шәкірттерімнің жеткен жетістіктерін көрсету.

Жас әуесқойлардың жұмысымен облысымыздың кәсіпқой фотосуретшілері танысып, өз бағаларын берді.

Марат Тәжиев, кәсіпқой фотосуретші:
– Мен Геннадий Чаплыгин жайында бұрын көп еститінмін. Бірнеше жыл бұрын танысып та алғанбыз. Ол өзінің жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Мұндай адам үлкен құрметке ие. Фотосурет түсірудің өзі өнер. Балалардың фотосуреттерінде күннің, балалардың күлімдегені көп бейнеленген. Маған олардың туындылары ұнады.

Өткен жылы облыс әкімі Серік Біләлов “Булаевец” кинофотошеберханасына 1 млн.теңге қаржы бөлген. Бұл қаражатқа шеберханаға заманауи қондырғылар сатып алды. Бүгінгі көрме сәуірдің аяғына дейін жалғаспақ.

Гүлбану Ахметова