Құқық қорғау органдары

Жалған хабар берушілерге бас бостандығынан айыруға дейін жаза қолданылады


 

Мұндай қылмысқа көп ретте жасөспірімдердің баратыны алаңдатады дейді прокурорлар. Мәселен, өткен жылы тіркелген 8 фактінің төртеуі мектепте жарылғыш зат қойылды деген жалған хабар екен. Қоңырау шалғандардың екеуі ұсталған.

Асқар Жүнісов, облыс прокурорының көмекшісі:
-Өткен жылы наурыздың он төрті жедел басқару орталығына ұялы телефоннан облыс орталығындағы мектептердің бірінде жарылғыш зат қойылды деген хабар түскен. Тексеріс нәтижесінде ақпараттың жалған екені анықталды. Бірақ жалған хабар салдарынан мемлекетке айтарлықтай шығын келді – жарты млн. теңгеден астам. Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімнің үсінен қылмыстық іс қозғалды. Оның өз кінәсін мойындап, ата-анасының шығынды толық көлемде өтегені ескеріліп, қылмыстық іс тоқтатылды.

Екінші факті бойынша қылмыстық іс қозғалмапты. Он үштегі баланың жасы ескерілген. Бірақ оқушының ата-анасы жауапқа тартылыпты. Олар айыппұл төлеген. Бұл ретте прокурорлар дайындалып жатқан лаңкестік әрекет жөнінде жалған ақпарат берудің ауыр қылмыс қатарына жататынын ескертеді. Ойнаймын деп жүріп от басуыңыз ықтимал.

Асқар Жүнісов, облыс прокурорының көмекшісі:
-Жарылғыш зат қойылды деген жалған ақпарат бергендер 200 -ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейді,нмесе жеті жылға дейін бас бостандығы шектеледі, тіпті 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Биылғы жылы ішкі істер органдарына жалған хабар түспеген. Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін тиісті шаралар қолға алынды дейді прокурорлар. Оқушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге көп көңіл бөлініп отыр.

Айымгүл Әбілева