Ауыл шаруашылығы

Тұқым сапалы болуы керек

 

 

 

 «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігінің сабанмен қапталған  қоймасында картоп тұқымы сақталған. Оның 800 тоннасын өздері отырғызбақ. Ал 300 тонна тұқымды сатуды көздеп отыр. Серіктестік негізінен голландиялық «романо», «артемис», «санте» сұрыптарын өсіреді екен. Бұл тұқымдар белгілі бір температурада сақталады.

Иван Гафитулин, «Зенченко и К» КС картоп өсіру бригадасының бригадирі:

– Мына компьютерлік жабдық арқылы қажетті температураны қойып отырамыз. Көктемде бұл көрсеткішті 5 градусқа дейін көтереміз. Өйткені отырғызуға дайындау қажет.

Қойма голландиялық технологиямен жабдықталған. Егер бұл жердің температурасы қалыпты жағдайдан ауытқыса, онда  есіктер автоматты түрде өздері ашылады. Серіктестік Еуропа елдерімен тығыз қарым- қатынас орнатыпты. Жуырда 20 тонна “гала”, “сорая” және «биргит» сұрыптарын Германиядан әкелді. Соңғысы жаңадан шыққандықтан, Еуропада тарап үлгермеген көрінеді. Ағымдағы жылы серіктестік картоп тұқымының бұл түрлерін сынақтан өткізіп, өнімділігін анықтамақ. Сондай-ақ шаруашылық пияз өсірумен де айналысады. Бүгінгі күнге дейін 600 тонна өнімнің 500-ден астамын өткізіпті. «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігі азықтық дақылдарды өсіруді қолға алмақ. Биылғы жылы оның тұқымын әкеліп, келесі жылы сатылымға қоюды жоспарлап отыр. Серіктестік қоймасында 1160 тонна «Шортанды-95» элиталық бидай сорттары сақтаулы. Сонымен бірге «Астана» және «Астана – 2» бидай тұқымының түрлері де бар.

Виктор Самойленко, «Зенченко и К» КС бас агрономы:
-Ағымдағы жылы ауыл шаруашылық тауарын өндірушілер үшін 2 мың тонна бидай тұқымын дайындадық. Тұқымның барлығы лабораториялық зерттеуден өтті. 1-ші классты бидай дақылдарының 1 тоннасын 40 мың теңгеге сатамыз.

Егілмей тұрып тұқым міндетті түрде күрделі тексерістен өтуі тиіс. Өңірімізде 15 тұқым сараптау лабораториясы бар. Бұл зертханаларда дәнді дақылдардың тазалығы, ылғалдылығы, ауруларға төзімділігі және тағы басқа қасиеттері тексеріледі. Егер тұқымда кене болса, онда оны ПОК деп аталатын құрылғымен байқауға болады.

Нина Гурцакова, Есіл аудандық тұқым зерттеу лабораториясының меңгерушісі:
Тұқымды үнемі тексеріп отыру қажет. Тұқымды  ПОК деп аталатын жабдыққа себеміз. Осылайша кененің бар-жоғын анықтаймыз. Әр кластың өз мөлшері бар.

2012 жылы егілетін тұқымдардың сапасы мен сортын анықтау үшін облысымызға 53 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Ақпан, наурыз айларында оның 28,2 пайызы игерілді.

Валентина Классен, ҚР АШМ АӨК СҚО аумақтық инспекциясы тұқым инспекциясы бөлімінің бастығы:
Өңіріміздегі ауылшаруашылық тауар өндірушілер тұқыммен қамтамасыз етілді. Барлығы толық сараптаудан өтті. Тұқымның 93 пайызы 1-2 классты, ал қалған 7 пайызы 3-классты. Бүгінгі күнге дейін 546,2 мың тонна тұқым себуге дайын.

Жалпы облысымызда 6 элиталық тұқым өсіретін шаруашылық жұмыс істейді.

Айдана Демесінова