ТЖ

Құтқарушылар бірінші тоқсанды қорытындылады


 

Биылғы жылы өңірде өрт саны өскен. Жыл басынан облыста 225 өрт тіркеліпті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33 пайызға артық.

Денис Шуваев, СҚО ТЖД мемлекеттік өртті бақылау басқармасының бөлім бастығы:
Өрттен келген шығын 48,9 пайызға артты. Бұл жағдай Есіл, Қызылжар, Тимирязев аудандарынан басқа барлық аудандарда байқалады. 2012 жылдың бірінші тоқсанында тілсіз жаудың салдарынан 25 адам көз жұмды. 6 солтүстікқазақстандық түрлі дәрежедегі жарақат алған.

Төтенше жағдай орын алмау үшін өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажет дейді мамандар. Жыл басынан 1200-ден артық нысан тексерілген. Нәтижесінде 2170 ереже бұзушылық анықталған. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғандар жауапкершілікке тартылыпты. Өндіріліп алынған айыппұл көлемі үш жарым млн. теңге. Баспасөз мәслихатында тілшілер өткен аптада “Алтын-Арман” базарында орын алған өрттің шығу себебін сұрады.  Сәуірдің төрті базардағы сақтау камераларының бірі отқа оранған болатын, оның шығу себептері әлі анықталып жатқан көрінеді.

Денис Шуваев, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бөлім бастығы:
Өрт-техникалық сараптама жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі белгілі болғанша өрттің шығу себебі мен   келген шығынның көлемін айта алмаймыз. Бұл жұмыс бір ай көлемінде жүргізіледі. Әрі осы күні бір де бір кәсіпкерден өтініш түскен жоқ.

Су тасқынына қатысты жағдай бүгінде тұрақтанды. Қауіп жоқ дейді құтқарушылар. Бірақ олар арқаны кеңге салып, жайбарақат отырмақ емес. Сәуір айында мол жауын-шашын түседі деген болжам жасалуда. Тағы бір маңызды жайт, қазір күн жылып, өзен-көлдердегі мұз еріп жатыр. Сондықтан суда құтқару қызметінің мамандары аса сақ болуды ескертеді.

Антон Коптяев, СҚО ТЖД суда құтқару қызметі бастығының міндетін атқарушы:
Ата-аналарға аса сақ болуды ескертеміз. Балаларды өзен-көлге жібермей, қарау керек. Қазір су бетіндегі мұз өте жұқа. Суға түсіп кету қаупі зор.  

Сондай-ақ баспасөз мәслихатында құтқарушылар алдағы уақыттағы жоспарларымен де бөлісті.

Айымгүл Әбілева