Билік

Қалалық мәслихаттың бесінші сессиясы


2012-2014 жылдарға арналған қалалық бюджет қосымша трансферттер бөлінуіне байланысты нақтыланып отыр. Республикалық бюджеттен 1 млрд. 540 млн теңге, ал облыстық қазынадан 8 млн. теңге бөлінген.

Гүлнәр Әміренова, қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы:
Мұнымен қатар қалалық бюджет республикалық қазынадан 47 млн. 469 мың теңге көлеміндегі трансферттердің қысқаруына байланысты нақтыланды. Сондай-ақ бұрын бекітілген 46 млн. теңгеден астам қаражат қайта бөлініп отыр.

Республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың 1 млрд. 100 млн.-ы тұрғын үй құрылысына бағытталмақ. Ал 440 млн теңге облыс орталығының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады. Қалалық бюджеттің шығыс бөлігі қайта бөлініп отыр. Бірқатар бағдарламалар бойынша қаржы қысқартылып, үнемделген қаражат бірінші кезектегі мәселелерді шешуге бағытталмақшы. 3 млн. теңге – тұрғын үй көмегіне, 9 млн. теңге – мәдениет және демалыс саябағы мен облыс орталығындағы шағын бақтарды абаттандыруға, 11 млн.  жолдарды жөндеуге қарастырылған. Депутаттарды тұрғын үй құрылысына бөлініп отырған қаржы қалай жұмсалатыны, үйлер қашан пайдалануға берілетіні қызықтырды.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
– Қаражат “Қолжетімді баспана” бағдарламасын жүзеге асыруға, ипотекалық тұрғын үйлер құрылысына, қазір салынып жатқан баспаналардың құрылысын аяқтауға бағытталады.
Салынатын тұрғын үйлердің барлығы биыл пайдалануға берілмейді. Алдағы жылдары да бұл мақсатқа қаражат бөлінеді, сөйтіп бірте-бірте халық игілігіне тапсырамыз.

Қалалық бюджетке енгізіліп отырған өзгерістер мен толықтыруларды депутаттар бірауыздан бекітті.

Айымгүл Әбілева