Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс орталығын абаттандыру мәселелері өңір басшысының бақылауында



 

Облыс орталығының оңтүстік қақпасы саналатын кіре беріс жаңа кейіпке енетін болады. Макетте Жамбыл көшесінің қалайша өзгеретіні көрсетілген. Жоба бойынша ондағы тас жол жаңартылып, жиектеріне ағаш отырғызылады. Абаттандыру жұмыстары келесі аптадан басталмақ.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Бұл жерде саябақ тұрғызамыз. Гүлдер егіліп, орындықтар орнатылады. Қаланың кіре берісін көріктендіру керек.  

Ал көтерме сауда орталығының маңындағы Бостандық көшесі 26 жыл бойы жөндеу көрмепті. Жол әбден бұзылып, жаяу жүргінші түгіл көлік нысандарының қатынауының өзі қиынға соғуда. Кәріздік желілер тазартылмайды, ал еріген қар мен жаңбырдың лай суынан ағызатын жағдай мүлдем қарастырылмапты.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Көлік қоятын орын жоқ. мына жерді жол деп айтуға ауыз бармайды. Барлық жер кеуіп жатқанда, бұл көше саздың астында жатыр. Тым болмағанда кәріздік желіні тазартып тұруға болады ғой. Айдың аяғына дейін сметалық жоба дайындап, жолды жөндеу керек. Базар әкімшілігі жаңа жол төсеуге барынша атсалыссын.  

Көтерме сауда орталығын аралаған аймақ басшысы ішкі тазалығы мен саудагерлерге жасалынған жағдайларды да қатты сынға алды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Арнайы топ құру керек. Оған санитар мамандар, өрт сақшылары мен барлық қажетті қадағалаушы органдардың өкілдері кірсін. Сауда орталығының санитарлық жағдайы мен қауіпсіздік шараларын тексеру керек. Олқылықтар түзелмесе базар әкімшілігі жауапқа тартылсын.

«Океан» сауда орнының сыртқы келбеті де көңіл көшітпейді. Шатыры мен қасбеті әбден тозған. Айналасы абаттандырылмапты. Өңір жетекшісі сауда нысанының басшысына бұл келеңсіз көріністі 1 айдың ішінде қалпына келтіруді тапсырды.
“Корона” сауда үйінің директорына да осы уақыттың ішінде өзіне қарасты жерді көріктендіру керек. Айналасын абаттандыру жұмыстарына адам қолы әлі жетпей отыр.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
 
Жергілікті атқарушы билік келіп менің шаруамды тындырып береді деп күтудің қажеті жоқ. Ісің өрге домалау үшін тұтынушылардың сауда орнына келетін жолын алдымен дұрыстап алу керек. Жол жиектерін өңдеп, гүл отырғызылса өзіңнің сауда нысаныңа көрік бере түспей ме. Бүгіннен қалдырмай бұл жұмысқа кірісіңдер.  

Серік Біләлов мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелеріне қарасты аумақтың жағдайларымен де танысты. 140 орынға шақталған “Ақ көгершін” балабақшасы маңында жолдар мүлдем жоқ. Балғындар бөбекжайға жаяулатып сазды кешіп келуге мәжбүр. «Ласточка»  балабақшасының да мәселесі сол. Облыс әкімі қалалық әкімдікке бұл мәселені тездетіп шешуді тапсырды. № 43 мектеп алдындағы тас жолда керісінше көлік нысандары көптеп қатынайды екен. Білім ордасының директоры аймақ басшысына мектеп жанында жылдамдықты төмендететін белгі орнатып беруді сұрады. Серік Біләлов бұл өтінішті өз қарауына алатындығын жеткізді. Облыс әкімі саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналып салынатын мемориалдық кешеннің дайындығымен танысты. Еске алу тақтасының ұзындығы – 66, биікті 2,8 метр болмақ. Қабырғаның жобасы бүгінде толығымен дайын. Оған саяси қуғын-сүргінге ұшыраған өңір азаматтарының есімдері жазылады. Бүгінгі таңда бұл тізімге енетін 6100 жерлесіміздің аты-жөні белгілі болып отыр.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
 
Еске алу тақтасының іргесіне тағы бір тас қойылады. Онда бұл кешенді салуға атсалысқан саяси қуғынға ұшыраған жандардың ұрпақтарының есімдері жазылатын болады. Жаңа ескерткіш қабырғасын 31-мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде ашуды жоспарлап отырмыз. Сондықтан игі істі тездету керек.

Аймақ басшысы сондай-ақ солтүстік коллекторды қалпына келтіру барысымен де танысты.

Жеңіс Ермұқанов