Қоғам

Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова солтүстікқазақстандық іскер әйелдермен кездесті

Биылғы жылы өткен сайлау нәтижесінде елімізде көппартиялы Парламент жасақталғаны мәлім.

Бұл ретте айту керек, жаңа құрамдағы Мәжіліске артылған үміт те үлкен болатын. Енді үш айға жуық уақыт өткенде сөз етуге боларлықтай нәтиже де бар көрінеді. Мәжіліс депутаты, “Ақ жол” партиясының мүшесі Меруерт Қазбекова осы уақытта атқарған жұмысымыз айтарлықтай дейді. “Ақ Жол” партиясының бастамасымен бірнеше заң жобасы қолға алыныпты. Бірінші кезекте ақжолдықтар кәсіпкерлердің қамын күйттеген. Өйткені бұл партия отандық бизнестің мүддесін қорғайды.

Меруерт Қазбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Заңды тұлғаларды тіркеуді жеңілдету бағытында жұмыс жасап жатырмыз. Орта және шағын бизнесті дамытуға үлкен көңіл бөлінеді. Ауылдағы кәсіпкерлікті де назардан тыс қалдырмаймыз. Мұнымен қатар парламенттік оппозиция жөніндегі заң жобасын әзірлеуді ұсындық.

Мемлекеттік тілді де ақжолдықтар ұмыт қалдырмапты. Оны дамыту бойынша заң жобасын ұсынған. Әрі мемлекеттік тілді оқытудың тиімді әдістемесін іріктеп алу үшін байқау жарияланыпты. Ал бұл әдістеме көмегімен жастарды емес, ересек адамдарды оқыту көзделіп отыр. Тегін курстар ел бойынша ашылатын болады. Айтқандай, Меруерт Қазбекова Қазақстанның  кәсіпкер-әйелдері кеңесінің төрайымы, сондай-ақ әйел саяси көшбасшылығы республикалық мектебінің жетекшісі болып табылады. Кездесуде ол алдағы уақыттың жоспарымен бөлісті. Әйел кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, саясаткер әйелдерді даярлауға үлкен көңіл бөлінбек.

Меруерт Қазбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Әйел саяси көшбасшылығы республикалық мектебі жұмысының екінші кезеңін әзірледік. Алдағы екі жылда біз Парламентте депутат болып отырған әйелдерді оқытатын боламыз. СҚО -да депутаттардың 26 пайызы әйелдер. Төртеуі – облыстық мәслихаттың, төртеуі – қалалық мәслихаттың, ал өзгелері аудандық мәслихаттардың депутаттары. Енді оларды шешендік өнерге, заңгерлік сауаттылыққа оқыту керек. Бес жылда нәтиже болады деген сенімдеміз.

Кездесуге келгендер Мәжіліс депутатына толғандырып жүрген сауалдарын қойды. Светлана Громова консалтингілік қызметті дамытуға көңіл бөлінбей отырғанын айтады.

Светлана Громова,  “Buziness Masters” консалтингілік компаниясының директоры:
“Бизнестің жол картасы” бағдарламасына өткен жылы консалтинг қызметі енгізілмеген. Биылғы жылы консалтингтің саласы ретінде бухгалтерлік қызмет енгізіліпті. Ал өзге қызметтер ескерілмеген. Осы мәселенің қалай шешілетінін сұрадым. Депутат алдағы уақытта олқылықтың орны толтырылатынын айтты.

Мәжіліс депутаты кездесуде жасалған өтініш-ұсыныстардың барлығын міндетті түрде бақылауға алып, оларды шешуге күш салуға уәде берді.

Айымгүл Әбілева