Білім

«Ғылым әлемін ашамыз»


 

Азат Қасенов халықаралық байқауға ұсынған ғылыми жұмысын 1 жылдай дайындапты. Нәтижесінде жұлдыздардың қашықтығын анықтайтын құрылғы жасап шығарған.

Азат Қасенов, Әл Фараби мектеп-лицей оқушысы:
Қазақстанда 2-ақ обсерватория бар. Обсерватория жоқ кезде мысалы мектептегі физика лабораториясы жағдайында жұлдыздарға дейінгі қашықтықты анықтауға арналған құрал жасалды. «My star” оқу бағдарламасына пайдалануға ұсындым. Телескоп жоқ кезде жұлдызға дейінгі қашықтықты анықтауға болады формула арқылы.

Жігітке жеті өнер де аз демекші Азат тек білім жағынан ғана емес, өз мүмкіндіктерін өзге де қырлардан танытуға тырысады. Талапты жасты спортпен шұғылдану да қызықтырады екен. Ол кикбоксингпен айналысып, аймақтық додаларда жүлдегер атаныпты. Баскетбол ойынынан да осалдық танытқан жоқ. Ұстаздарымен бірге қатарластары да Азатты сыйлап, мақтан тұтады. 11 жыл бойы бірге оқыған Ақерке Бектұрғанова талапты жастың физикаға деген сүйіспеншілігі ертеден-ақ байқалғанын айтып отыр

Ақерке Бектұрғанова,  Әл Фараби атындағы мектеп-лицей оқушысы:
Физиканы оқығаннан бастап ол өзінің физикаға деген қызығушылығын танытып, астрономия, физика пәндерін зерттеуді жақсы көріп өзіне бір ізденіс талап қойып, осының арқасында өзіне деген мақсатына жетті. Және осы байқауға қатысарда ол тыным таппай күндіз-түні еңбек етіп, соның арқасында грантты ұтып алды.

№4 орта мектептің оқушысы да бұл сында жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Мерей Босынова «Астрофизика және әлем эволюциясы» секциясында бәсекеге түсіп, үшінші орынға ие болды. Оқушы бұған дейін де талай байқаулардың жүлдегері атанған. Бұл салада жаңалық ашу үшін Мерей 2 жыл еңбектеніпті. Осының арқасында қыздың тасы өрге домалап, алдына қойған мақсатына жетті.

Мерей Босынова, №4 орта мектеп оқушысы:
Мен 3 еселенген жұлдыздардың қосылуын, энергия бөлуін, салмағы мен тығыздыздығын зерттедім. 2 не 3 еселенген жүйеде ядроның орналасуы байқалады. Яғни олардың арасында гравитация болады.

Мемлекеттік грантты ұтып алған қыз болашақта Қазақстан Британ университетінде білім алуды көздеп отыр. 2 жылдық ізденісі барысында Мерей өз мектебінің мұғалімдерінің ғана емес, университет оқытушыларының да көмегіне жүгініпті.

Сәуле Мырзабаева, №4 орта мектептің орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі:
– Мерей оқудағы жетістіктерімен ғана шектелетін қыз емес. Ол әрдайым жаңалықтар ашуға құштар. Сондықтан ол өзі ізденіп, ұсыныстар жасайды. Облыстық кітапханаларға, университеттің обсерваториясына жиі барып тұрады .

Лаура Бимендинова да халықаралық байқауда 3-орынға ие болды. Оқуы қазақша бола тұрып, 16 жасар қыз жұмысын орыс тілінде жазыпты. Талапты жас айда болатын құбылыстарды зерттеп, оның адамға тигізетін әсерін анықтаған.

 Лаура Бимендинова, қалалық классикалық гимназия оқушысы:
– Осы ғылыми жобамды әрі қарай жалғастырамын, зерттеймін және де осы обсерваторияға барып, әрі қарай зерттеп отырамын.

Жалпы бұл халықаралық байқауға 200-ден астам жас зерттеушілер қатысыпты. Өңірдің намысын 8 оқушы қорғаған. Олардың 4-уі облысқа жүлделі оралды.

Айдана Демесінова