Аптадағы маңызды жаңалықтар

Бескөл ауылын көркейту жобасы



 

Өңір басшысы Қызылжар ауданының Бескөл ауылын абаттандыру жобасымен танысты. Өңір жетекшісіне жаңа кейіпке енетін елді-мекеннің негізгі жұмыс   жоспарлары көрсетілді. Көгалдандыру ісі аудан орталығының кіре берісінен басталып, саябақ қанат жаятын болады. Оның қақ ортасында монументалды колонна бой көтереді. Бағананың жоғарғы тұсына сағат орнатылмақ. Айналасына сән беретін гүл, ағаш   отырғызылады.  Жерасты жаяу жолы көліктер көп қатынайтын республикалық трассаны жүргіншілер қауіпсіз өту үшін жасалған. Бүгінде ол әбден ескіріп, пайдалануға жарамсыз болып қалды. Жоба аясында жер асты жолы қалпына келтіріледі.

Валерий Затай, СҚО сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы:
Орталық Гагарин көшесі заманауи қала құрылысы үлгісінде жасалатын болады. Көше кеңейтіліп, жаңадан тас жол төселеді. Жаяу жүргіншілердің жолы кеспетастан құрылады. Айналасын өңірімізде кезіге бермейтін ерекше жасыл желекке толтырамыз. Бұл әсем безендірілген көріністі біркелкі шамдар толықтырып, жарықтандырып тұрады.

Облыс әкімі ауқымды жоспармен танысып, көшені аралап, бүгінгі кейпін бағалап көрді. Оны бойлаған дүкен, халыққа қызмет көрсететін мекемелердің жетекшілерімен тілдесті. Біршама жеке нысан көшенің сиқын алып сәнін кетіруде. Бизнес иелері Серік Біләловке ортақ істен шет қалмай өздеріне тиесілі аумақтарын жөнге келтіріп, ғимараттардың қас бетін жобамен үндестіріп жаңартуға ниетті екендіктерін жеткізді. Кәсіпкерлер жобамен қатар жаңадан 300 орындық дәмхана мен 3 қабатты гүлдер сауда орталығын ашпақшы. Жаңа нысандар шыныдан тұрғызылмақ.

 Виктор Редин, Қызылжар ауданының әкімі:
– Бескөл ауылының барлық тұрғындарын игі іске барынша атсалысуға шақырамын.
Бізге ортақ үйімізді гүлдендіруге зор мүмкіндік беріліп отыр. Уысымыздан жіберіп алмайық. Жобаға облыс қазынасынан 117 млн теңге бөлінеді. Бұл қаржы босқа жұмсалмайды. Өзге аудандар бізден үлгі алатын болады. Сенімді ақтауға тырысамыз.

Бүгінде бұзылып жатқан орталық саябақ та жоба аясында қалпына келтіріледі. Демалыс орнына субұрқақ салу жоспарлануда. Өңір басшысы игі іске бүгіннен қалмай кірісуді тапсырды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Байқау жариялаймыз. Мамыр айында абаттандыру жұмыстарына кірісіп кету керек. Қазір барлық қажетті құжаттарды реттеп, түгендеңдер. Тамыз айының 25-не дейін жоба тапсырылуы тиіс.

Облыс әкімі жаңартылатын көше бойындағы моншаның жұмысымен танысты. Жалақы мен қоммуналдық қызметтерді есептемегенде айына 200 мың теңгеден артық таза табыс көретін ескі ғимарат ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеу көрмек түгіл, ағымдағы қалпына келтіру жұмыстары жасалмағанға ұқсайды. Серік Біләлов монша жетекшісіне санитарлық талаптарды ескеріп, жөндеу жасауды тапсырды. Өңір жетекшісі сондай-ақ, “Қазақтелеком” АҚ Бескөл  сервистік бюроның жұмысымен танысты. Бұл нысан да қолданысқа берілгелі жаңартылмапты. Өңір басшысы шатыры мен қасбетін жазға дейін түзету керектігін айтты.

Жеңіс Ермұқанов